«Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы жақын арада ауысады. Бұл туралы Қордың Премьер-министр, «Самұрық-Қазына» АҚ Директорлар кеңесінің төрағасы Олжас Бектенов мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Оның айтуынша, қазір құқық қорғау органдары Қордың жекелеген лауазымды тұлғаларына қатысты тергеу жүргізіп жатыр.
«Қазіргі уақытта құқық қорғау органдары жекелеген лауазымды тұлғаларға қатысты тергеу әрекеттерін жүргізуде. Барлық мән-жай тергеу аясында анықталады. Жағдай Мемлекет басшысының бақылауында», – делінген мәлімдемеде.
Сонымен қатар, Қор басшылығының ауысуы компаниялардың жұмысына әсер етпейтіні айтылды.
«Қор тобына кіретін барлық компаниялар штаттық режимде жұмысын жалғастыруда. Қордың даму стратегиясы өзгеріссіз қалады. Инвестициялық және инфрақұрылымдық жобаларды іске асыру бекітілген жоспарларға сәйкес жалғасады», – деп хабарлады Қордың Директорлар кеңесінің төрағасы.
Ол сондай-ақ ішкі бақылау мен аудит жүйесін күшейту қажеттігін атап өтті. Бұл ретте сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мүдделер қақтығысын анықтау және басшылардың жауапкершілігін арттыру шаралары қолға алынбақ.
«Біздің міндетіміз тек нақты құқық бұзушылықтарға ден қоюмен шектелмейді. Ең бастысы, мұндай жағдайлардың қайталануына жол бермейтін тиімді жүйе қалыптастыру», – делінген мәлімдемеде.
Еске салайық, 12 қарашада ҰҚК «Самұрық-Қазына» қорының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов пен «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясының басшысы Елжас Отыншиевтің, сондай-ақ басқа да адамдардың ұсталғанын хабарлады. Олар жемқорлық қылмыс жасады деген күдікке ілінген. 14 қарашада сот екі басшыны қамауға алуға санкция берді.
Осы оқиғалардан кейін, 13 қарашада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің шұғыл отырысын өткізіп, мемлекеттік компаниялардағы жемқорлық мәселесін көтерді. Мемлекет басшысы ҚТЖ жұмысын да сынға алды.