Мәзір

2027 жылы Қазақстанда кімдердің жалақысы өседі?

2027 жылы Қазақстанда кімдердің жалақысы өседі? 2027 жылы Қазақстанда кімдердің жалақысы өседі?
ашық дереккөз

2027 жылдан бастап Қазақстанда бірқатар маманның жалақысы артады. Ең төменгі жалақы 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін көтеріледі. Сонымен қатар мұғалімдерге, дәрігерлерге, әлеуметтік сала қызметкерлеріне және басқа да бюджет мамандарына қосымша ақы төлеу қарастырылған, деп хабарлайды buginmedia.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.

Ең төменгі жалақы 110 мың теңге болады

2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеден 110 мың теңгеге дейін өседі. Бұл өзгеріс шамамен 1,8 миллион адамның табысына әсер етеді. Олардың арасында бюджет саласында жұмыс істейтін 370 мыңнан астам қызметкер бар.

Ұлттық экономика бірінші вице-министрі Азамат Әмриннің айтуынша, ең төменгі жалақыны көтеру жұмыс берушілер үшін міндетті талап болады. Яғни қазір қызметкеріне 85 мың теңге төлейтін кәсіпкерлер келесі жылдан бастап еңбекақыны кемінде 110 мың теңгеге жеткізуі керек.

Министрлік өкілінің мәліметінше, бұл талапты орындау үшін бизнеске қосымша 426 миллиард теңгеге жуық қаражат қажет болады.

Бұдан бөлек, бала күтіміне байланысты төленетін әлеуметтік төлемнің ең жоғары мөлшері де артады. Қазір бұл сома шамамен 280 мың теңге болса, жаңа жылдан кейін 308-310 мың теңгеге жетуі мүмкін.

Дәрігерлер мен мұғалімдердің жалақысы өседі

2027 жылдан бастап учаскелік дәрігерлердің жалақысы үздіксіз еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін көтеріледі. Бұл өзгеріс 77 мыңнан астам медицина қызметкерін қамтиды.

Сондай-ақ білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қамсыздандыру салаларындағы мамандарға ерекше еңбек жағдайлары мен жұмыс жүктемесіне байланысты қосымша ақы қарастырылған.

Атап айтқанда, дәрігерлер, орта және кіші медициналық персонал, әлеуметтік қызметкерлер, тәрбиешілер, мейіргерлер мен санитарлар қосымша төлем ала алады.

Кейбір мамандарға 150 пайызға дейін үстемеақы беріледі

Үкіметтің жаңа қаулысына сәйкес, бюджет саласындағы бірқатар қызметкерге арнайы үстемеақы белгіленген.

Мәселен:

Заңнама институты мен Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының ғылыми қызметкерлеріне лауазымдық айлықақысының 100 пайызы мөлшерінде үстемеақы қарастырылған.

Байқоңырдағы ерекше жұмыс режимінде еңбек ететін мамандарға 70 пайызға дейін қосымша ақы төленеді.

«Қазақстан су жолдары» кәсіпорнының қызметкерлеріне жұмыстың күрделілігі мен қауырттығына қарай 50 пайызға дейін үстемеақы берілуі мүмкін.

Су астында жұмыс істейтін сүңгуірлерге әр жұмыс сағаты үшін сағаттық тарифтік мөлшерлемесінің 100 пайызы көлемінде қосымша ақы төленеді.

Мұғалім тапшылығы байқалатын өңірлерге жұмысқа барған үздік педагогтерге 2027 жылғы мамырға дейін лауазымдық айлықақысының 150 пайызы мөлшерінде қосымша ақы қарастырылған.

Сонымен қатар мәдениет, архив, кітапхана, музей, спорт, ауыл және орман шаруашылығы салаларының қызметкерлеріне де арнайы төлемдер көзделген.

Ішкі істер министрлігі, Қорғаныс министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және азаматтық қорғау жүйесінің кейбір қызметкерлеріне де қосымша ақы қарастырылған.

Алайда бұл үстемеақылардың барлығы әр қызметкерге автоматты түрде төленбейді. Нақты төлем мөлшері маманның лауазымына, еңбек өтіліне, жұмыс жағдайына және тиісті талаптарға байланысты белгіленеді. Кейбір қосымша төлемдер ұйымдағы үнемделген бюджет қаражатына да тәуелді.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2