26 қазанға қараған түні Қазақстанның оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында ауа температурасы −11 градусқа дейін төмендейді. Алакөл көлдері маңында желдің екпіні секундына 28 метрге жетуі мүмкін. Ал солтүстік өңірлерде жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болады. Бұл туралы «Қазгидромет» ескертті, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Елдің басым бөлігінде антициклонның әсерінен жауын-шашынсыз ауа райы сақталады. Дегенмен солтүстік, орталық және оңтүстік-шығыс өңірлерге атмосфералық фронттар әсер етіп, жаңбыр мен қар жауады.
Синоптиктердің мәліметінше, республика бойынша тұман түседі. Батыс, оңтүстік, шығыс және оңтүстік-шығыс аймақтарда жел күшейеді. Батыс пен оңтүстіктің кей жерлерінде шаңды дауыл соғуы ықтимал.
Қай өңірлерде аяз күшейеді?
Жетісу облысында түнде ауа температурасы −2…−7 градусқа дейін төмендейді. Облыстың орталық бөлігінде және Талдықорғанда аяз −11 градусқа дейін жетеді. Алакөл көлдері маңында желдің екпіні секундына 23–28 метрге дейін күшейеді.
Жамбыл облысында түнде −3…−8 градус аяз болады. Таразда ауа температурасы −6…−8 градусқа дейін төмендейді. Облыстың оңтүстік-батысы мен солтүстік-шығысында және таулы аймақтарда желдің екпіні секундына 25 метрге жетуі мүмкін.
Алматы облысында түнгі температура −2…−7 градусқа дейін төмендейді. Алматы мен Қонаевта −2…−4 градус аяз күтіледі. Облыстың шығысы мен таулы аудандарында, соның ішінде Алматының таулы аймақтарында жел секундына 17–22 метрге дейін күшейеді.
Қай өңірлерде шаңды дауыл мен көктайғақ болады?
Күндіз Түркістан облысының солтүстігінде, Қызылорда облысының орталық, оңтүстік және солтүстік бөліктерінде шаңды дауыл соғуы мүмкін. Бұл аймақтарда желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді. Түнде кей жерлерде ауа температурасы −3 градусқа дейін төмендеп, үсік жүруі ықтимал.
Шымкентте де желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін күшейеді. Түнде топырақ бетінде −2 градусқа дейін үсік күтіледі.
Павлодар облысының батысы мен оңтүстігінде, сондай-ақ Солтүстік Қазақстан облысының шығысында түнде жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болады. Павлодар мен Петропавлда тұман түседі.
Батыс Қазақстан, Қостанай, Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының жекелеген аудандарында, сондай-ақ Абай мен Ұлытау облыстарында тұман күтіледі. Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында күндіз желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетуі мүмкін.
Бірнеше өңірде өрт қаупі жоғары
Атырау облысында, Қызылорда облысының басым бөлігінде, Ақтөбе, Қарағанды және Маңғыстау облыстарының жекелеген аудандарында, сондай-ақ Ұлытау мен Жетісу облыстарында төтенше өрт қаупі болжанып отыр.
Бұдан бөлек, еліміздің батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінің бірқатарында өрт қаупінің жоғары деңгейі сақталады.
Синоптиктер тұрғындарға ауа райының күрт өзгеруін ескеріп, қатты жел, тұман және көктайғақ кезінде жолда сақ болуға кеңес береді.