27 қазанға қараған түні Қазақстанның бірқатар өңірінде ауа температурасы күрт төмендейді. Кей жерлерде 11 градусқа дейін аяз болады. Елдің солтүстігінде жаңбыр аралас қар жауып, көктайғақ болуы мүмкін. Ал оңтүстік өңірлерде қатты жел соғып, шаңды дауыл көтеріледі, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Синоптиктердің болжамынша, ауа райының қолайсыздығы жол қозғалысына әсер етуі мүмкін. Сондықтан жүргізушілерге жолда сақ болып, жылдамдықты ауа райына қарай реттеу ұсынылады.
Қай өңірлерде аяз күшейеді?
Ең қатты аяз Жетісу облысында болжанып отыр. Түнде кей жерлерде ауа температурасы 11 градусқа дейін төмендейді.
Талдықорғанда 9–11 градус аяз болса, облыстың өзге аудандарында 2–7 градус суық болады.
Жамбыл облысында түнгі ауа температурасы 3–8 градус аязға дейін төмендейді. Таразда 5–7 градус аяз күтіледі.
Алматы облысында түнде 1–6 градус аяз болады. Алматыда ауа температурасы 1–3 градусқа, Қонаевта 2–4 градусқа дейін төмендейді.
Түркістан облысының солтүстігі мен батысында, сондай-ақ Қызылорда облысының кей аудандарында 3 градусқа дейін үсік жүруі мүмкін.
Қай өңірлерде қар жауып, тұман түседі?
Павлодар облысының кей жерлерінде түнде жаңбыр аралас қар жауып, жолдарда көктайғақ болуы ықтимал.
Павлодар қаласы мен облыстың жекелеген аудандарында тұман түседі. Сонымен қатар Астана, Петропавл қалаларында, Солтүстік Қазақстан, Ақмола, Қарағанды және Ақтөбе облыстарында да тұман күтіледі.
Жамбыл және Жетісу облыстарының таулы аудандарында тұман түсіп, көріну қашықтығы төмендеуі мүмкін.
Қай өңірлерде жел күшейіп, шаңды дауыл соғады?
Жетісу облысындағы Алакөл маңында желдің жылдамдығы секундына 15–20 метрге жетіп, кей уақытта 23–28 метрге дейін күшеюі мүмкін.
Алматы мен Жамбыл облыстарының таулы аудандарында, сондай-ақ Түркістан облысының тау бөктерінде желдің екпіні секундына 15–20 метрге дейін жетеді.
Маңғыстау облысының орталық аудандарында да желдің жылдамдығы секундына 15–20 метрге дейін күшеюі ықтимал.
Қызылорда облысында күндіз шаңды дауыл соғуы мүмкін. Әсіресе өңірдің шығысы мен орталығында жел күшейеді. Қызылорда қаласында желдің жылдамдығы секундына 15–20 метрге жетуі ықтимал.
Қай өңірлерде өрт қаупі жоғары?
Ауа райы салқындағанымен, Қазақстанның бірқатар өңірінде табиғи өрт қаупі сақталады.
Атырау облысында, Қызылорда облысының басым бөлігінде, сондай-ақ Ақтөбе, Маңғыстау, Қарағанды, Ұлытау және Жетісу облыстарының жекелеген аудандарында өрт қаупі төтенше жоғары деңгейде болады.
Алматы, Қонаев, Ақтау, Шымкент және Түркістан қалаларында, сондай-ақ басқа да бірқатар аумақта өрт қаупі жоғары деп бағаланып отыр.
Жезқазған мен Атырау қалаларында өрт қаупі төтенше жоғары деңгейде сақталады.