Мәскеуден Алматыға бағыт алған SCAT әуе компаниясының ұшағы Астана әуежайына шұғыл қонуға мәжбүр болды. Жолаушылар ұшақ жерге қонғаннан кейін бірнеше сағат бойы сусыз, тамақсыз отырғанына және әуе компаниясы өкілдерінің жағдайды түсіндірмегеніне шағымданды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Оқиға 9 қарашада болған. Жолаушылардың бірі Threads әлеуметтік желісінде жазба жариялап, ұшақтағы адамдардың қатты қорыққанын жеткізді.
«Бұл штаттан тыс жағдай екенін түсінемін. Ұшақтағы барлығымыздың зәреміз ұшқаны да рас. Алайда неге жолаушыларға тіпті су да ұсынбадыңыздар? Біз шу шығарып, наразылық білдіргенге дейін қорқып, абдырап қалған жолаушыларды сусыз, тамақсыз және ең бастысы, ешқандай ақпарат бермей ұстадыңыздар», – деп жазды ол.
Жолаушының айтуынша, әуе компаниясының алдағы әрекеттері туралы адамдар шамамен төрт сағат бойы ақпарат күткен. Басқа жолаушылар да қызметкерлердің тамақтың қашан берілетінін және сапардың қашан жалғасатынын айта алмағанын жазған.
SCAT не деп жауап берді?
Әуе компаниясы ұшақтың шұғыл қонғанын растады. Алайда жолаушыларды ауызсумен қамтамасыз ету біраз уақыт алғанын түсіндірді.
«Барлық жолаушыны сумен қамтамасыз ету үшін алдымен оны әуежайға жеткізуді ұйымдастыру қажет болды. Сондықтан бұл біраз уақытқа созылды», – деп жауап берді SCAT өкілдері.
Әуе компаниясы жолаушылардан қолайсыздық үшін кешірім сұрады. Дегенмен, ұшақтың не себепті шұғыл қонғаны әзірге жарияланған жоқ.