Мәслихаттар депутаттарының сайлауы
Мәзір

«Күйсандық», «қылтима», «жеделсаты»: Тоқаев кейбір қазақша аудармалардың қажеттілігіне күмән келтірді

«Күйсандық», «қылтима», «жеделсаты»: Тоқаев кейбір қазақша аудармалардың қажеттілігіне күмән келтірді «Күйсандық», «қылтима», «жеделсаты»: Тоқаев кейбір қазақша аудармалардың қажеттілігіне күмән келтірді
Фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тіліндегі кейбір сөздердің жасанды аудармасына қатысты пікір білдірді. Оның айтуынша, «күйсандық», «қылтима», «субұрқақ», «себезгі» сияқты сөздердің қолданысқа ену қажеттілігі күмән тудырады, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Мемлекет басшысы бұл мәселені Астанада өткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының X құрылтайында көтерді.

Тоқаевтың пікірінше, соңғы жылдары қазақ тілінде бұрын сирек қолданылған көптеген сөз кең тарала бастады. Олардың қатарында «тұжырымдама», «қағидат», «сыйақы», «шәкіртақы», «еңбек өтілі», «жанармай», «босқын», «ғаламтор», «тікұшақ», «жасанды сана» сияқты сөздер бар.

«Бұл – жақсы дүние. Бірақ әр жақсы құбылыстың шегі болуы керек. Мысалы, “күйсандық” (пианино), “қылтима” (балкон), “субұрқақ” (фонтан), “себезгі” (душ), “қырыққабат” (капуста), “үнқағаз” (газет), “жеделсаты” (лифт), “желкөз” (форточка) және тағы басқа жасанды сөздердің қажеттілігі екіталай сияқты», – деді Президент.

Сонымен қатар Мемлекет басшысы діни тақырыптағы сөз қолданысына да тоқталды. Оның айтуынша, соңғы кезде қазақтың көне сөздерінің орнына араб сөздерін жиі қолдану үрдісі байқалады.

«Соңғы кезде дінге қатысты көне сөздеріміздің орнына араб сөздерін жиі қолдану сән болып кетті. Мұның да қажеттілігіне күмән бар. Жалпы, осының бәрі – өте өзекті мәселелер, сондықтан кәсіби ғалымдар өздерінің салмақты пікірлерін ортаға салуы қажет», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Президент тіл ғылымына қатысты баршаға қолжетімді бірыңғай цифрлық жүйе әзірлеу маңызды екенін атап өтті. Сондай-ақ бұл бағыттағы жұмысты жүйелеу үшін арнайы жұмыс тобын құруды ұсынды.

Оның құрамына кәсіби тіл мамандары, ғалымдар, сарапшылар мен қоғам өкілдері кіруі керек. Ал жұмыс тобының қызметін Президент Әкімшілігі үйлестіреді.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2