Түркияның Измир провинциясындағы металлургия зауытында болған жарылыстан 17 адам көз жұмды. Тағы 13 жұмысшы жарақат алды. Қайғылы оқиға 9 қарашада Алиага өнеркәсіптік аймағындағы HABAŞ кәсіпорнында болған, деп хабарлайды buginmedia.kz EKOTÜRK телеарнасына сілтеме жасап
Қайғылы оқиға 9 қарашада Алиага ауданындағы кәсіпорында жоспарлы жөндеу жұмыстары кезінде болған. Зауытта қуатты жарылыс болып, артынша өрт шыққан. Бірқатар жұмысшы үйінді астында қалған. Оқиға орнына өрт сөндірушілер, дәрігерлер мен құтқарушылар жіберілген.
Алғашында үш адамның қаза тапқаны хабарланған. Кейін іздестіру-құтқару жұмыстары барысында марқұмдар саны артқан. Түркия президенті Режеп Тайип Ердоған бұған дейін 16 адамның көз жұмғанын мәлімдеген. Алайда 10 қарашаға қараған түні ауруханада ауыр халде жатқан жұмысшылардың бірі қайтыс болып, қаза тапқандар саны 17-ге жеткен. Жараланған 13 адамның біреуінің жағдайы ауыр.
Жарылысқа не себеп болуы мүмкін?
Алдын ала болжам бойынша, жөндеу жұмыстары кезінде көпірлі кран электр доғалы пештің ішіне құлаған. Салдарынан зауыттағы коммуникациялар, соның ішінде табиғи газ құбыры зақымданып, артынша жарылыс пен өрт болған.
Алайда, апаттың нақты себебі әзірге анықталған жоқ. Тергеушілер өндірістік қауіпсіздік талаптарының сақталуын және ықтимал заңбұзушылықтарды тексеріп жатыр.
Түркияның әділет министрі Акын Гюрлек алты күдіктінің ұсталғанын хабарлаған. Тергеуді Менемен прокуратурасы жүргізіп жатыр. Іске төрт прокурор тартылған.
Апат болған зауытқа Түркияның энергетика, еңбек және денсаулық сақтау министрлері барған. Энергетика министрі Алпарслан Байрактар тергеу барысында қауіпсіздік талаптарының бұзылуына жол берген жауапты тұлғалар анықталатынын айтты.
Сонымен қатар президент Режеп Тайип Ердоған оқиғаға қатысты сот және әкімшілік тергеу жүргізуді тапсырған.