Мәзір

«Жақында саған келемін»: өлер алдында адамдар не көреді?

«Жақында саған келемін»: өлер алдында адамдар не көреді? «Жақында саған келемін»: өлер алдында адамдар не көреді?
ашық дереккөз

Жазылмайтын дертке шалдыққан науқастармен 16 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан медбике Джули Макфадден өлім алдындағы адамдардың бойында болатын өзгерістер туралы айтып берді. Оның сөзінше, кейбір науқастар өмірінің соңғы апталарында дүниеден өткен туыстары мен жақындарын көре бастаған. Бұл туралы Doctorpiter басылымына сілтеме жасаған buginmedia.kz хабарлайды.

Джули Макфадден бұрын қарқынды терапия бөлімінде медбике болып жұмыс істеген. Қазір хосписте қызмет етеді. Ол әлеуметтік желіде өлім алдындағы адамның жағдайы мен ағзасында болатын өзгерістер туралы жиі бөліседі. Сонымен қатар «Қорқатын ештеңе жоқ» атты кітап жазған.

Медбикенің айтуынша, адам өмірінің соңғы кезеңіне жақындағанда көп ұйықтап, тамақ пен суды аз қабылдай бастайды. Қимыл-қозғалысы баяулап, айналасындағы адамдармен араласуы сирейді.

«Науқас тәулігіне 16-18 сағат ұйықтауы мүмкін. Тамақ пен суды өте аз ішеді. Біртіндеп белсенділігі төмендеп, адамдармен сөйлесуге де құлқы болмайды», – дейді ол.

Джули Макфадден өлімнің өзі ауырсыну тудырмайтынын, ал адамның қиналуы көбіне оны осы жағдайға жеткізген ауруға байланысты екенін түсіндірді.

Оның сөзінше, өлімнің белсенді кезеңі бірнеше сағаттан бірнеше күнге дейін созылуы мүмкін. Бұл уақытта науқас ес-түссіз жатады, тыныс алуы мен терісінің түсі өзгереді. Бұлшықеттер босаңсығандықтан, көзі мен аузы ашық қалуы да мүмкін.

Мұндай көрініс жақындарына адамның қиналып жатқанындай әсер қалдырады. Алайда медбике науқастың жағдайын бақылап отырған мамандар оның ауырсыну сезіп жатқан-жатпағанын ажырата алатынын айтады.

Джулидің айтуынша, өлімге жақындаған адамдардың кейбірі қайтыс болған туыстарын көре бастайды. Мұндай жағдай науқастың өмірінің соңғы айында байқалуы мүмкін.

«Адамдар дүниеден өткен туыстарын, жақындарын, тіпті бұрын өлген үй жануарларын да көреді. Бір қызығы, олар мұндай көріністерден қорықпайды. Керісінше, бойларын тыныштық билейді. Кейбірі: „Жақында сенің артыңнан келемін, уайымдама“ деген дауыстарды еститінін айтады», – дейді медбике.

Оның айтуынша, мұндай жағдайды тек діндар адамдар ғана емес, атеистер де бастан өткереді. Джули бірнеше рет науқастардың өзімен сөйлесіп отырып, қайтыс болған жақындарын көргенін айтқанына куә болған.

«Бір науқас маған: „Сенбейсің, бірақ дәл қазір әкемді көріп тұрмын“ деді», – деп еске алады ол.

Медбике мұндай көріністерді жай ғана сандырақ немесе галлюцинация деп есептемейтінін жеткізді. Оның байқауынша, өліммен келісе алмай жүрген кейбір науқастар осындай жағдайдан кейін сабырға түсіп, бойы жеңілдегендей болады.

Подкаст барысында Джулиден адам қайтыс болғаннан кейін дене салмағы азаятыны және жанның денеден шыққанын көру мүмкіндігі туралы да сұралған.

Медбике қайтыс болған адамның салмағын өлшеу тәжірибесі жоқ екенін айтып, бұл пікірді қалалық аңыздардың бірі деп атады. Ал жанның денеден шыққанын ешқашан көрмегенін жеткізді.

Дегенмен ол науқастың соңғы сәттерінде бөлменің атмосферасы өзгергендей әсер бірнеше рет болғанын жасырмады. Кейде палата кеңейіп кеткендей сезіліп, адам соңғы демін алғаннан кейін бәрі бұрынғы қалпына келетінін байқаған.

Алайда Джули мұның тек жеке сезімі екенін, көзге көрінетін нақты құбылысты байқамағанын атап өтті.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2