Ақтөбеде неке сарайында пышақ жарақатынан қаза тапқан 26 жастағы әйелдің артында төрт баласы қалды. Олардың екеуі күдікті деп танылған ер адамнан туған. Қазір екі бала мемлекеттік қамқорлыққа алынған, деп хабарлайды buginmedia.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Телеарнаның мәліметінше, марқұм әйел күдіктімен шамамен үш жыл қарым-қатынаста болған. Қазір оның екі баласы «Үміт» балалар үйіне орналастырылған. Ал қалған екі баланың қайда екені туралы әзірге ресми ақпарат жоқ.
Ақтөбе облысының балалардың құқықтарын қорғау басқармасының басшысы Амангелді Қонақбаев кәмелетке толмаған балалардың алдағы тағдыры олардың құқықтары мен мүдделерін ескере отырып шешілетінін айтты.
«Отбасылық жағдайларға байланысты екі кәмелетке толмаған бала "Үміт" балалар үйіне орналастырылды. Бұл жағдай облыстық балалардың құқықтарын қорғау басқармасы мен құзырлы органдардың бақылауында», – деді ол.
Оқиға қалай болған?
Еске салайық, 3 қарашада Ақтөбедегі «Неке сарайында» 26 жастағы әйел пышақ жарақатынан көз жұмды. Алдын ала мәлімет бойынша, марқұм сол күні басқа азаматпен некесін заңды түрде тіркеуге келген.
Күдікті ретінде әйелдің бұрынғы бірге тұрған азаматы ұсталды. Полицияның мәліметінше, екеуінің арасында ер адамның ата-ана құқығынан бас тарту мәселесіне байланысты жанжал туындаған.
Күдікті оқиға орнынан көп ұзамай ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.