Алматы метросының «Райымбек» станциясында жарылғыш құрылғы бар екенін хабарлаған әйел ұсталды. Осы оқиғадан кейін жолаушыларға пойыздан түсіп, сапарын автобуспен жалғастыру ұсынылған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
5 қараша күні таңертең әлеуметтік желіде Алматы метросының жұмысы уақытша тоқтағаны туралы ақпарат тарады. Threads қолданушылары кейбір жолаушыларға пойыздан түсіп, басқа көлікпен жүруге тура келгенін жазған.
Алматы қалалық полиция департаментінің мәліметінше, метро қызметкерлеріне бір әйел «Райымбек» станциясында жарылғыш құрылғы бар екенін айтқан. Ол бірден ұсталған.
Оқиға орнына тиісті мамандар шақырылып, станцияға тексеру жүргізілді. Алайда жарылғыш құрылғылар мен күдікті заттар табылған жоқ.
Полицияның алдын ала мәліметінше, ұсталған әйел Психикалық денсаулық орталығында есепте тұрады. Қазір тексеру жүргізіліп жатыр. Оның әрекетіне тексеру қорытындысы бойынша құқықтық баға беріледі.
Полиция метрополитеннің қалыпты режимде жұмыс істеп тұрғанын хабарлады. Қазіргі уақытта жағдай құқық қорғау органдарының бақылауында.