Жамбыл облысының Бірлесу-Еңбек ауылында жасөспірімдер арасындағы жанжалдан кейін 9-сынып оқушысы ауыр халде ауруханаға жеткізілді. Қазір ол жансақтау бөлімінде жатыр. Оқиғаға байланысты полиция қылмыстық іс қозғады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Оқиға 31 қазан күні кешке Жамбыл ауданына қарасты Бірлесу-Еңбек ауылында болған.
Зардап шеккен баланың туыстарының айтуынша, жасөспірім өзінен үлкен оқушылар белгілеген кездесуге кешіккені үшін соққыға жығылған болуы мүмкін. Олар ауылда мектеп оқушылары арасында әлімжеттік бар екенін айтады.
Туыстарының сөзінше, жасы үлкен балалар кішілерге түрлі тапсырмалар орындатып, олардан ақша жинайды. Ал айтқандарын орындамаған немесе кездесуге кешіккендерді жазалайтын көрінеді. Дегенмен6 бұл ақпарат әзірге ресми түрде расталған жоқ.
Қазір зардап шеккен оқушы өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Дәрігерлер оның жағдайын өте ауыр әрі тұрақсыз деп бағалап отыр.
Полиция не дейді?
Жамбыл облыстық білім басқармасының мәліметінше, 31 қазан күні кешке Жастар аллеясында кәмелетке толмағандар арасында жанжал болған. Алдын ала мәлімет бойынша, жасөспірімдердің бірі екіншісінің кеуде тұсынан жұдырықпен ұрған.
Облыстық полиция департаменті осы дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын хабарлады. Оқиғаға қатысы бар барлық адам ұсталып, полиция бөліміне жеткізілген.
«Алдын ала анықталғандай, бұрыннан таныс екі кәмелетке толмаған жасөспірімнің арасында жанжал туындап, олардың бірі екіншісіне соққы жасаған. Зардап шеккен бала ауруханаға жатқызылды. Қазір тергеу амалдары жалғасып жатыр. Тергеу барысы Жамбыл облысы полиция департаменті басшылығының бақылауында», – делінген полиция хабарламасында.
Сонымен қатар, жергілікті тұрғындар оқиғаның Жастар аллеясында емес, жасөспірімдер жиі жиналатын ауылдық клуб маңында болғанын айтады. Бұл ақпарат та әзірге ресми түрде нақтыланбаған.