Әлеуметтік желіде психолог ретінде танылған Ақмарал Орынбаева оқырманынан келген хатты жариялады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Ол бұрынғы көзқарастарына өкініп, қара жамылғыны шешкенін және енді білім алып, өмірін жаңадан бастағысы келетінін мәлімдеді.
Әйелдің айтуынша, оның басты қателігі – дін жолында жүрген адамдарды мінсіз, таза адамдар деп қабылдауы және психологиялық сауатының болмауы. Сондай-ақ ол өзіне әйелдің бірнеше рет тұрмысқа шығуы жұмаққа апаратын жол ретінде түсіндірілгенін жазған. Келіншек 12 рет тұрмысқа шығып, кейін өзіне қол салуға дейін барғанынт айтады.
«Менің адасуым – дін жолындағы адамдарды таза деп танығаным. Психологиялық сауатым болмағаны. Олар әйел адам неғұрлым көп күйеуге шықса, жұмаққа барады деп миымды улағаны», – дейді ол.
Автор өзінен кейінгі қыздарға үндеу жасап, өзгелердің ықпалына еріп, өмірлік таңдау жасауда қателеспеуге шақырды. Оның пікірінше, қазақтың салт-дәстүрі мен тарихында әйелді қорлау болмаған.
«Менің ішімде айтылмаған мұң көп. Уақыты келер. Мен енді түрмеден шыққандай азат болдым. Кеш те болса, оқып, білім аламын. Қара жамылғыны шештім. Қазақ қыздары, адаспаңдар», – деп жазды әйел.
Сондай-ақ ол кейбір діни ортада әйелге тек тән ләззаты үшін қарайтынын, кейін оны қажетсіз заттай шетке ысырып немесе басқа адамға бере салатындай көзқарас барын айтып, қыздарды сақ болуға шақырды.