Солтүстік Қазақстан облысының Тайынша ауданына қарасты Петровка ауылында 17 жастағы қыз көз жұмды. Қайғылы оқиғаға байланысты полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Оқиға 1 қараша күні кешкі уақытта жеке тұрғын үйлердің бірінде болған. Сағат 17:30 шамасында оқиға орнына жедел жәрдем бригадасы шақырылған. Алайда медицина қызметкерлері келген кезде жасөспірімнің қайтыс болғаны анықталған.
Солтүстік Қазақстан облыстық полиция департаментінің мәліметінше, қыздың өзіне қол жұмсау фактісі бойынша тергеу басталған.
«Тергеу аясында оқиғаның барлық мән-жайы, сондай-ақ осы қайғылы жағдайға алып келген себептер мен жағдайлар анықталып жатыр. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті процестік шешім қабылданады», – деп хабарлады полиция.
Қазіргі уақытта оқиғаның өзге мән-жайы жарияланған жоқ.