Мәзір

Ташкентте Қарағандыдан барған балалар жаппай ауырып қалды: біреуі жансақтау бөлімінде жатыр

Ташкентте Қарағандыдан барған балалар жаппай ауырып қалды: біреуі жансақтау бөлімінде жатыр Ташкентте Қарағандыдан барған балалар жаппай ауырып қалды: біреуі жансақтау бөлімінде жатыр
ашық дереккөз

Өзбекстан астанасы Ташкентте халықаралық футбол турниріне қатысуға барған Қарағандының жас спортшылары ауырып, ауруханаға түсті. Алғашқы ақпаратта 15 футболшының жағдайы нашарлағаны айтылса, кейін ауруханаға жатқызылған балалар саны 16-ға жеткені хабарланды. Балалардың біреуі жансақтау бөлімінде жатыр, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Оқиға 28 қазан мен 2 қараша аралығында Ташкентте өткен Dostlik Cup 2026 халықаралық футбол турнирі кезінде болған. Қарағанды облысынан жарысқа үш жеке футбол мектебінің – Jas Batir, Nomad Akademiya және Skaut клубтарының тәрбиеленушілері қатысқан.

Ата-аналардың айтуынша, балалар мен оларды ертіп барған ересектердің жағдайы 31 қазанда қонақүйдегі таңғы астан кейін нашарлаған. Олардың іші ауырып, дене қызуы көтерілген. Ата-аналар таңғы ас кезінде жұмыртқа жемеген сегіз баланың ауырмағанын айтып, тағамнан улану болуы мүмкін деп күдіктенген. Алайда зертханалық талдау нәтижелері әзірге жарияланған жоқ. Сондықтан аурудың нақты себебі ресми түрде анықталған жоқ.

Қанша адам ауруханаға түсті?

Қарағанды облысының дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, турнирге өңірден 60 бала, 32 ата-ана және төрт жаттықтырушы барған. Қазіргі уақытта Ташкенттегі №5 қалалық инфекциялық ауруханада 16 бала, бір жаттықтырушы және 11 ата-ана ем қабылдап жатыр.

Ведомствоның хабарлауынша, командалардың жарысқа баруы жеке қаражат есебінен ұйымдастырылған.

Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі де оқиғадан хабардар екенін мәлімдеді. Ведомствоның дерегінше, медициналық көмекке мұқтаж барлық қазақстандық Өзбекстанның мамандандырылған медициналық мекемелеріне жатқызылған.

«Қазақстандық дипломаттар зардап шеккендердің туыстарымен және медициналық мекемелермен байланыста. Мәселе тұрақты бақылауда», – деп хабарлады СІМ.

Қазір балалардың жағдайы дәрігерлердің бақылауында. Аурудың нақты себебі зертханалық тексерулерден кейін белгілі болмақ. Ата-аналар оқиғаның мән-жайы толық анықталып, балалардың денсаулығына қатысты барлық сұраққа жауап берілуін күтіп отыр.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2