Шымкентте екі бала газдан уланып көз жұмды. Тағы үш адам ауыр хәлде ауруханаға жеткізілді. Оқыс оқиға жалдамалы пәтерде болған. Ал уланғандар — екі отбасының мүшесі. Қайғылы жағдайға не себеп болғаны белгілі болды, деп хабарлайды buginmedia.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Оқыс оқиға Күншығыс шағынауданындағы көпқабатты үйде болды. Бірінші қабаттағы пәтерде екі отбасы пәтер жалдап тұрған. Олардың біріне туыс, біріне құрбы Ділбарға уланғанғандардың бірі қоңырау шалып, тез жетуін өтінген. Пәтерге кірген келіншек сұмдық көрініске тап болған.
"Кірсем, ваннада жатыр, денесі көгеріп кеткен, мұздай, бірден білдім, кетіп қалды. Иіс тиді деп ойламадым, шомылып жатқанда аяғы тайып, басы ұрылып құлап қалды деп ойлағам ғой. Залға кірсем, сіңлім көзі ашық жатыр, бірақ қимылдай алмайды. Есін білмейді. Қасында, сол жағында баласы жатыр, ұйықтап жатыр деп ойладым. Қызы бірақ жылап жатыр, дірілдеп, қалтырап жатты", - дейді жәбірленушінің туысы Ділбар Саидқожаева.
Үйде болған бес адамның екеуі — 15 жастағы қыз бен төрт жасар бала жедел жәрдем жеткенше тіл тартпай кетті. Тағы үшеуі ауруханаға жеткізілді. Олардың біреуі ғана жағдайы жақсы болған соң, үйіне жіберілсе, 27 жастағы келіншек пен оның үш жасар қызы әлі емделуде. Анасын бүгін жансақтау бөлімінен палатаға ауыстырдық, дейді дәрігерлер.
"Түскен кездегі диагнозы көміртегі тотығымен уланудың ауыр дәрежесі. Қабылдау бөліміне қаралмай, бірден жансақтау бөліміне екі науқасты да жатқыздық. Екі науқасқа да толық көлемде, 1999 жылғы және 2023 жылғы науқастар", - дейді Гипербариялық оксигенация орталығының бас дәрігері Мәдина Ермаханбетова.
Ал кеше ғана екі баланың мәйіті шыққан пәтер мөрленіп тұр. Үйде бір көгілдір отынға жалғанған газ плитасы мен газбен жылыту пеші болған екен.
Көршілері газ қондырғыларына әу бастан шағым болғанын айтады.
"Газ колонкасынан көміртегі тотығы шыққан, негізі, сөйтіп естідік. Басында балықтан деп еді, балықтан емес, газ колонкасынан, ол ескірген деп естідік. Құбыры үйдің ішінде. Сол істемегендіктен ыс тиген", - дейді көршісі Нұрсұлу.
Оқыс оқиғадан кейін көпқабатты үй газдан толық ажыратылып, әр пәтер жеке-жеке тексеріліп жатыр. Сондықтан көгілдір отын жуық арада қосылуы екіталай, дейді газ мамандары. Бес қабатты үй газбен жылытқыш пешке арналмағанын айтқан мамандар, пәтерді тексергенде ешқандай улы иісті анықтамадық деп отыр. Сондықтан дәл газға уланды деп айту ертерек дегенді алға тартады.
Қазір бірнеше сараптама тағайындалып, қылмыстық іс қозғаған полиция тергеуді бастады. Кім жазаланатынын тек сараптаманың қорытындысы ғана анықтамақ.