Алматыдағы Республикалық физика-математика мектебінің (РФММ) оқушылары ішек инфекциясының белгілерімен ауруханаға жатқызылды. Қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, 12–14 қазан аралығында 47 оқушы медициналық көмекке жүгінген. Тағы сегіз бала интернатта оқшауланып, дәрігерлердің бақылауына алынған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Оқиға туралы ақпарат бұған дейін әлеуметтік желілерде тараған. Оқушылардың туыстары балалардың ауруханаға түскенін айтып, кейбірінен ішек таяқшасы анықталғанын жазған. Алайда инфекцияның нақты себебі әзірге ресми түрде анықталған жоқ.
Алматы қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы барлық науқасқа қажетті медициналық көмек көрсетіліп жатқанын хабарлады. Балалардың жағдайы тұрақты, реанимациялық шараларды қажет ететін науқастар жоқ.
Мектеп пен асхананың жұмысы тоқтатылды
Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қаулысымен мектептің, интернаттың және ас блогының жұмысы уақытша тоқтатылған. Мамандар оқиғаның себептерін анықтау үшін тексеру жүргізіп, зертханалық зерттеулерге сынамалар алған.
Полиция қылмыстық іс қозғады
Оқушылардың ауруханаға түсуіне байланысты Алматы қалалық полиция департаменті қылмыстық іс қозғаған. Құқық қорғау органдары санитариялық-эпидемиологиялық тексеру нәтижелерін ескере отырып, оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр.
Полицияның мәліметінше, тергеу қорытындысы бойынша тиісті процестік шешім қабылданады.