Түркияның Анталья қаласындағы Кепез ауданында болған жойқын құйын салдарынан құрылыс алаңында төрт жұмысшы көз жұмды. Тағы бір адам жарақат алды. Бұл туралы Caliber.Az агенттігіне сілтеме жасап buginmedia.kz хабарлайды.
Оқиға кезінде құйын құрылыс алаңындағы жұмысшылар тұратын екі контейнерді қиратып, кранның құлауына себеп болған.
Анталья провинциясының губернаторы Хүлуси Шахиннің айтуынша, табиғи апат салдарынан төрт құрылысшы қаза тапқан.
«Құйын екі контейнерді тас-талқан етті», – деді губернатор.
TRT Haber телеарнасының мәліметінше, екі жұмысшы оқиға орнында көз жұмған. Ауыр жарақат алған тағы екі адам ауруханада қайтыс болған. Сонымен қатар бір жұмысшы жарақат алған.
Қаза тапқандар мен зардап шеккендердің барлығы – Түркия азаматтары.
Метеорологтар оқиғадан бір күн бұрын Түркияның бірнеше өңірінде, соның ішінде Антальяда да дауылды ауа райына байланысты ескерту жариялаған.