Оның айтуынша, жақында әкесінің медициналық деректерін тексеру барысында марқұмның «ДостарМедLine» клиникасына 2023 жылдан бастап тіркелгені белгілі болған.

Жазба авторы емханаға барып, мән-жайды анықтауға тырысқан. Оның сөзінше, клиника қызметкерлері азаматтың «еркін тіркелу науқаны» кезінде емханаға тіркелгенін айтқан. Сонымен қатар, 2023 жылдан бері оның медициналық ұйымға келмегенін түсіндірген.
Алайда, марқұмның баласы әкесінің 2001 жылы қайтыс болғанын айтып, оның 2023 жылы емханаға қалай тіркеліп, өтініш бере алғанын сұраған.
“Масқара! 2001 жылы қайтыс болған әкем 2023 жылдан бері емханада "тіркеуде" тұр! Жуырда тексерсем, Қызылорда қаласындағы "ДостарМедLine" жекеменшік клиникасы әкемнің атына ашылған ЖСН-ді тауып алып, оны 2023 жылдан бастап өз емханаларына заңсыз тіркеп қойған! Емханаға барып сұрасам, беттері шімірікпей: "Бұл еркін тіркелу науқанымен тіркелген. Бірақ 2023 жылдан бері емханаға келмеген" деп ақталады. 2001 жылы бақилық болған адам 2023 жылы қалай өз еркімен өтініш беріп, қол қояды?!”, – деп жазды тұрғын.
Оқиғаға қатысты «ДостарМедLine» клиникасы ресми түсініктеме берген жоқ. Желі қолданушысы құзырлы органдардан осы жағдайға байланысты жауап талап етпек.