Актриса Дариға Бадықова Олжас Абаймен арадағы қарым-қатынасы бірден махаббатқа ұласпағанын айтты. Оның сөзінше, екеуі мінездерінің ұқсастығына байланысты жиі келіспей, кейде бір-бірін әлеуметтік желіде бұғаттап тастаған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Дариға Бадықованың айтуынша, олар алғашында бірге жұмыс істеп, түсірілім кезінде жиі кездескен. Алайда екеуінің де өз пікірі мен қалыптасқан мінезі болғандықтан, қарым-қатынастарының алғашқы кезеңі оңай өтпеген.
«Басында бәрі әдемі болмайды. Екі қошқардың басы бір қазанға сыймайды. Екі талантты, екі мінезді, өз әлемі қалыптасқан, өз талғамы бар, екеуі де «сен тұр, мен айтайын» деп тұрған адамдарға қиын болды. Жалпы біз кездескен күннен бастап бірден ғашық болған жоқпыз. Тек жұмыс, түсірілім деп жүрдік. Күнде ұрысып қалатынбыз. Ол да қайтпайды, мен де қайтпаймын. Жылдар өте, уақыт өте келе эмоцияны ақылға сала бастадық», – деп жазды актриса.
Өнер иесі араларында реніш туған кезде Олжас Абайдың татуласуға тырысатынын да айтты. Актрисаның сөзінше, ол сүйіктісіне гүл мен әшекей бұйымдар сыйлап, арадағы түсініспеушілікті шешуге қадам жасаған.
«Екеуміз сәл ренжіссек, Олжас сақина, сырға, түрлі гүл сыйлайтын. «Енді ұрыспайық» дейтін. Ер адамға тән қадамдар жасайды. Оқырмандарым «тіпті бір-біріңізден отписка жасаған кездеріңіз болды ғой» деп жазып жатыр. Иә, бала сияқты бір-бірімізді блокқа жіберетінбіз. Бізге махаббат оңай келген жоқ», – деді ол.
Дариға Бадықова отбасын құру туралы шешімді де бірден қабылдамағандарын жеткізді. Бір уақытта екеуі қарым-қатынасты тоқтатуды ойлағанымен, бір-бірінен алыстаған кезде бірге болғысы келетінін түсінген.
Актриса Олжас Абайды ұмыту үшін Балиден Дубайға барғанын да еске алды. Сол жақта жүргенде сүйіктісінен хабарлама алған.
«Таңертең хабарлама келіпті. «Дариға, қалайсың? Қашан қайтасың?» деп жазыпты. Жауап бермедім. Екі сағаттан кейін «Сені әбден сағындым» деп жазды. Маған да керегі сол еді. Билет алып, ұшып келдім. Келген күні осы сырғаны алып, «Үйленейік» деді. Міне, өткен тарих», – деп бөлісті актриса.
Осылайша, қайта табысқан жұп бірге болуға шешім қабылдап, кейін үйленді. Олардың үйлену тойы туралы Kursiv.media бұған дейін жазған.