Қазақстанның бұрынғы жоғары лауазымды шенеуніктері белгілі актер әрі режиссер Досхан Жолжақсыновтың 75 жасқа толуына арналған мерейтойға қатысты. Әлеуметтік желіде салтанатты шарадан түсірілген видеолар тарады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Мерейтой қонақтарының қатарында бұрынғы мемлекеттік хатшы Қырымбек Көшербаев, Сенаттың экс-депутаты Қуаныш Сұлтанов, президенттің бұрынғы көмекшісі Тамара Дүйсенова, Алматы облысының бұрынғы әкімі Амандық Баталов және Мәжілістің экс-төрағасы Нұрлан Нығматулин болды.
Мерейтойдың шымылдығын Қазақстанның бұрынғы премьер-министрі, мемлекет және қоғам қайраткері Иманғали Тасмағамбетов ашты.
Айта кетейік, Досхан Жолжақсынов – Қазақстанның халық әртісі, актер әрі режиссер. Ол «Біржан сал» және «Құнанбай» сияқты тарихи фильмдердегі рөлдерімен көрерменге кеңінен танылды.