Танымал актриса Дариға Бадықова мен актер Олжас Абайдың құдалық рәсімінен тараған бейнежазбалар әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Әсіресе актрисаға берілген қалың малдың мөлшері көпшіліктің назарын аударды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, Олжас Абай Дариға Бадықоваға арнайы құда түсіп, сырға салу рәсімін өткізген. Қуанышты сәт жақын туыстарының қатысуымен шағын отырыс түрінде ұйымдастырылған.
Құдалық барысында қалың мал да берілген. Тараған мәлімет бойынша, актрисаға 10 мың доллар ұсынылған. Бұл сома желі қолданушылары арасында түрлі пікір туғызды.
Кейбір оқырмандар танымал актриса үшін мұндай қаражат аз екенін айтып, өз көзқарастарын білдірген.
«Арзанға кетіпті», «10 мың доллар деген аз ғой, 100 мың доллар берсе де лайықты», «Бастысы екі жас бақытты болсын», «Қалыңсыз қыз болмайды деп бергендері ғой», – деп жазды желі қолданушылары.
Дегенмен көпшілік арасында екі өнер иесінің жеке өміріне араласпай, олардың қуанышына ортақтасуға шақырғандар да болды.
Ал Дариға Бадықова әлеуметтік желідегі парақшасында көпшілікті өзгенің жеке өміріне қатысты пікір айтудан гөрі, жақсылық тілеуге шақырды.
«Құдайдың бұйрығына ешкім қарсы шыға алмайды. Тағдырдың жазғанын ешкім өзгерте алмайды. Қалай десек те, кім не ойласа да, әр адамның өз тағдыры, өз бақыты бар. Біреудің бақытына төрелік айту бізге бұйырмаған. Біз ешкімнен ештеңе сұрамаймыз. Ешкімге ештеңе дәлелдеуге де міндетті емеспіз. Тек бақыт тілеңіздер! Өйткені, ақ ниетпен айтылған бір ауыз тілек мың түрлі пікірден қымбат», – деп жазды актриса.
Осылайша, Дариға Бадықова жеке өміріне қатысты пікірлерге жауап беріп, көпшіліктен өзіне және Олжас Абайға ақ тілек айтуды сұрады.