Францияда 17 қазанда өмір сүру құнының өсуіне және биліктің ішкі саясатына қарсы наразылық акциялары өтті. Елдің бірнеше қаласында ұйымдастырылған шерулерге жүздеген мың адам қатысты. Наразылық кезінде 1200 адам ұсталып, 150 полиция қызметкері жарақат алды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Наразылыққа жүздеген мың адам қатысты
Deutsche Welle басылымының мәліметінше, Францияда бірнеше аптадан бері жалғасып келе жатқан наразылық 17 қазанда күшейген. Шеруге қатысушылар күнделікті тауарлар мен қызметтердің қымбаттауына, сондай-ақ үкіметтің саясатына қарсылық білдірген.
Францияның ішкі істер министрі Лоран Нуньестің айтуынша, акцияларға ел бойынша шамамен 550 мың адам қатысқан. Оның 110 мыңы Парижде жиналған.
Ал Франциядағы ең ірі кәсіподақ ұйымдарының бірі — Жалпы еңбек конфедерациясы (CGT) шеруге қатысушылар саны 800 мыңға жуықтағанын мәлімдеді.
Наразылық акциялары Парижден бөлек, Лион, Марсель, Тулуза, Лилль, Страсбург, Лимож, Бордо және Гренобль қалаларында да өтті.
Кейбір қалаларда тәртіпсіздік болды
Бірқатар қалада шерулер кезінде қоғамдық тәртіп бұзылып, дүкендер мен ғимараттарға зақым келді. Полиция наразылық білдірушілерді тарату үшін Париж, Лион және Страсбург қалаларында көзден жас ағызатын газ қолданған.
Марсельде бір топ адам әкімдік ғимаратына кіріп, бірнеше дүкенді қиратқан. Олар полиция бөлімшесіне де кіруге әрекеттенген. Лионда туристік ақпарат орталығы өртенсе, Гренобльде әкімдік ғимаратына зақым келген.
Авиньонда наразылық білдірушілер префектураның ішкі ауласына кірген. Ал Лимож қаласында шамамен 140 жыл бұрын салынған әкімдік ғимараты өртеніп, оның қоңырау мұнарасы құлаған.
Әлеуметтік желілерде қымбат брендтердің дүкендеріне шабуыл жасалғаны туралы видеолар тарады. Алайда CELINE, Dior, Burberry және Louis Vuitton бутиктерінің барлығы зардап шеккені ресми түрде расталмаған.
1200 адам ұсталды
Франция премьер-министрі Себастьен Лекорнюдің мәліметінше, сенбі күні кешке дейін ел аумағында 1200 адам ұсталған. Наразылық кезінде полиция мен шерушілер арасындағы қақтығыстардан 150 тәртіп сақшысы жарақат алған.
Парижде қару-жарақ пен тыйым салынған заттарды алып жүрген деген күдікпен жүзге жуық адам ұсталғаны хабарланды.
Наразылыққа қатысушылар саны билік күткен көрсеткіштен асып түскен. Алдын ала болжам бойынша, Парижде шамамен 40 мың, ал елдің басқа өңірлерінде жалпы 150 мың адам шеруге шығуы мүмкін болған.
Осы жағдайға байланысты Франция үкіметі сенбі күні кешке шұғыл жиналыс өткізді.
Премьер-министр Себастьен Лекорню тәртіпсіздіктерге әсіре солшыл топтарды айыптап, X әлеуметтік желісіндегі жазбасында зорлық-зомбылық арқылы саяси ұстанымды қоғамға таңуға болмайтынын мәлімдеді.
Франция президенті Эмманюэль Макрон да оқиғаларға қатысты пікір білдіріп, ғимараттарды қиратқан және мемлекеттік мекемелер мен дүкендерге шабуыл жасаған адамдар заң алдында жауап беретінін айтты.
Наразылық басқа елдерде де өтті
17 қазанда тұрмыс құнының қымбаттауына қарсы акциялар Бельгия, Португалия және Италияда да ұйымдастырылды. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады.
Брюссельде бірнеше жүз адам наразылыққа шығып, полициямен қақтығыстар болған. Лиссабонда бірнеше күннен бері жалғасып келе жатқан шеруге ондаған мың адам қосылған.
Италияның Милан қаласында наразылық кезінде тәртіпсіздік болып, полиция жиналғандарды тарату үшін көзден жас ағызатын газ қолданған. Болоньяда тәртіп сақшылары су шашатын арнайы техника пайдаланып, жеті адамды ұстаған.
Сондай-ақ 17 қазанда Албанияда да наразылық акциялары өткен. Соңғы бір айда бірнеше рет көшеге шыққан тұрғындар үкіметтегі жемқорлыққа, жұмыс орындарының қысқаруына және білім беру сапасына қатысты мәселелерді көтерген.