Актерлер Дариға Бадықова мен Олжас Абай бірнеше жыл бойы сәби сүюді армандаған оралдық жұпқа ата-ана атануға көмектесті. Бұл туралы тележүргізуші Ләйлә Сұлтанқызы Instagram парақшасында жазды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Ләйлә Сұлтанқызының айтуынша, актерлер өзі құрған «Mariyam» қайырымдылық қорының демеушілері. Олар қор арқылы перзент сүюді армандаған отбасыға қолдау көрсеткен.
«Олжас пен Дариғаның бөпесінің қырқынан шыққанына бір ай толды. Кино әлемі бір бөлек, ал өмірде Олжас пен Дариға — біздің @mariyam_fund_kz қорының демеушілері. Олар қолдау көрсеткен оралдық жұп бірнеше жыл бойы ата-ана болуды армандап, талай қиындықты бастан өткерген. Бірнеше сәтсіз ЭКО әрекетінен кейін, қорымыздың қолдауымен армандарына жетіп, бүгінде ата-ана атанып, бақытқа кенеліп отыр», - деп жазды тележүргізуші.
Оның сөзінше, отбасы бірнеше сәтсіз экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКО) әрекетінен кейін қордың көмегімен арманына жеткен.
Ләйлә Сұлтанқызы біреуге көрсетілген қолдау тұтас отбасының өмірін өзгертіп, көптен күткен арманын жүзеге асыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.