Талдықорғанда ер адам әйелін ұрып, кейін оны аулада пневматикалық қаруға ұқсас затпен қуған. Оқиғаға қатысты қылмыстық істер қозғалды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Halyqstan жазуынша, әлеуметтік желілерде тараған видеода ер адамның іш киіммен жүргені және қолында тапаншаға ұқсас зат ұстап, әйелді жеке үйдің ауласында қуып жүргені көрінеді.
Желіде тараған ақпаратқа сәйкес, жанжал 2 қазанға қараған түні болған. Алдын ала мәлімет бойынша, ер адам бір жасар баланың ұйықтатпай қойғанына ашуланып, әйелін ұрып-соққан.
Жетісу облысының полиция департаменті 2 қазанда әйелдің күйеуіне қатысты арыз жазғанын хабарлады. Ол күйеуінің өзіне дене жарақатын салғанын және қорқытқанын айтқан.
Полиция күдіктіні ұстады. Одан пневматикалық қару тәркіленді.
«Дене жарақатын салу және қорқыту фактілері бойынша қылмыстық істер қозғалды», – деп хабарлады полиция.
Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Дәрігерлердің тексеруінен кейін әйел мен баласы дағдарыс орталығына орналастырылды.
Қылмыстық іс бойынша тергеу жалғасып жатыр.