«Қазатомөнеркәсіп» ұлттық атом компаниясы басқарма мүшесі, өндіріс жөніндегі бұрынғы бас директор Қуаныш Омарбековке қатысты тергеу басталғанын растады. Компания бұл туралы ресми мәлімдеме жариялады., деп хабарлайды buginmedia.kz.
Компанияның хабарлауынша, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің ақпаратына сәйкес, Қуаныш Омарбеков пен өзге де адамдар сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға қатысы бар деген күдікке ілінген.
«Қазатомөнеркәсіп» құқық қорғау органдарымен бірлесіп, тергеу жұмыстарына қажетті көмек көрсетіп жатқанын мәлімдеді. Алайда заң талаптарына сәйкес, тергеу аяқталғанға дейін істің мән-жайына қатысты түсініктеме бере алмайды.
Сонымен қатар, компания өндірістік қызметінің қалыпты режимде жалғасып жатқанын мәлімдеді. Ұлттық компания 2026 жылға арналған өндірістік және қаржылық болжамдарының барлығы орындалатынын растап, даму стратегиясы мен жоспарларына өзгеріс енгізілмейтінін хабарлады.
«Компания ашықтық, айқындық және кез келген құқық бұзушылыққа нөлдік төзімділік қағидаттарын ұстанады», – делінген ресми хабарламада.
Айта кетейік, 23 қарашада ҰҚК «Қазатомөнеркәсіп» басқарма мүшесі Қуаныш Омарбеков пен басқа да күдіктілердің ұсталғанын хабарлаған болатын. Олар «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деп күдікке ілінген. Тергеу аса ірі мөлшерде пара беру дерегі бойынша жүргізіліп жатыр.