«Қазатомөнеркәсіптің» ұсталған топ-менеджері Қуаныш Омарбеков қамауға алынған күні Facebook парақшасында жазба жариялаған. Ол Қазақстанның 2050 жылға қарай 150 мың тонна көлемінде стратегиялық уран қорын қалыптастыру жоспары туралы пікір білдірген, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Қуаныш Омарбеков 40 жаста. Ол төрт жоғары оқу орнында білім алған.
2007 жылы Алматы экономика және статистика академиясын қаржы мамандығы бойынша тәмамдаған. 2014 жылы Қазақ гуманитарлық-заң университетінде құқық бакалавры дәрежесін алған. Ал 2017 жылы Ресей Президенті жанындағы Халық шаруашылығы және мемлекеттік қызмет академиясында MBA бағдарламасын аяқтаған.
2022 жылы Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде металлургия және пайдалы қазбаларды байыту мамандығы бойынша білімін толықтырған.
Еңбек жолын атом өнеркәсібінде бастаған
Омарбеков атом саласындағы еңбек жолын 2011 жылы «Қазатомөнеркәсіп жолдары» компаниясында материалдық-техникалық қамтамасыз ету инженері қызметінен бастаған.
2018–2022 жылдары KAP Logistics компаниясының бас директоры болды. 2022 жылдың желтоқсанында «БК Ақбастау» АҚ бас директоры болып тағайындалды.
2023 жылғы маусымда «Қазатомөнеркәсіптің» өндіріс жөніндегі бас директоры қызметіне келді. Сол жылдың 29 маусымынан бастап компания басқармасының мүшесі болды.
Ұлттық компанияда ол уран өндіру мен барлау жұмыстарын басқаруға, өндірістік активтердің тиімділігіне, қауіпсіздік талаптарының орындалуына және өндірісті жаңғыртуға жауап берген.
Ұсталған күні не туралы жазды?
Қуаныш Омарбеков әлеуметтік желілерде белсенді болған. Оның Instagram парақшасында шамамен 3,5 мың жазылушы, ал Facebook желісінде 2,9 мыңға жуық досы болған.
Instagram-дағы соңғы жазбасын 13 қарашада жариялаған. Онда Түркістанда өткен стратегиялық сессияның қорытындысын бөлісіп, «Заң және тәртіп» қағидаты, басшылардың жауапкершілігі және өндірістік тәртіп туралы ой қозғаған.
Ал Facebook парақшасындағы соңғы жазбасы 23 қарашада, яғни ұсталған күні жарияланған. Онда Қазақстанның 2050 жылға қарай 150 мың тонна стратегиялық уран қорын қалыптастыру жоспары сөз болған.
Еске салайық, 23 қарашада ҰҚК қызметкерлері Қуаныш Омарбеков пен басқа да күдіктілерді ұстаған. Олар «Самұрық-Қазына» қорының бұрынғы басшылығы ұйымдастырған сыбайлас жемқорлық схемасына қатысы бар деген күдікке ілінген. Тергеу аса ірі мөлшерде пара беру дерегі бойынша жүргізіліп жатыр.