Атырауда төрт адамды өлтіргені үшін өмір бойына бас бостандығынан айырылған Сұлтан Сәрсемәлиев Жезқазғандағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіне жіберілді, деп хабарлайды buginmedia.kz «Ақ жайыққа» сілтеме жасап.
Басылымның мәліметінше, Сәрсемәлиев Жезқазғандағы колонияға 19 қыркүйекте жөнелтілген.
Бұған дейін сотталған азаматты Қостанай облысындағы «Қара бүркіт» мекемесіне орналастыруы мүмкін деген ақпарат тараған. Өйткені бұған дейін Қазақстанда өмір бойына бас бостандығынан айырылғандар жазасын өтейтін жалғыз мекеме осы болатын.
Қазір Жезқазғандағы колония өмір бойына сотталғандарды қабылдауға бейімделіп жатыр.
Ал «Қара бүркіт» мекемесінде қазір 200-ден астам адам өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын өтеп жатыр. Бір сотталғанға тәулігіне 2 мың теңгеден астам қаражат жұмсалады. Бұл сомаға тамақтану және коммуналдық-тұрмыстық қызметтер шығыны кіреді.
Өмір бойына сотталғандардың арасында ең үлкені 76 жаста, ең кішісі 20 жаста. Олардың ішінде сегіз адам жазасын өтеп жатқанына 25 жылдан асқан.
Төрт адам қаза тапқан оқиға
Сот материалдарында Сұлтан Сәрсемәлиевтің 2025 жылдың мамырында жалдамалы пәтерінде қайын ағасы Наурыз Мұқанғалиевті пышақтап өлтіргені көрсетілген. Кейін ол мәйітті үйдің маңына көміп, жақындары күмәнданбас үшін марқұмның атынан хабарламалар жіберген.
Сол жылдың қазанында Жангелдин ауылында тұратын бұрынғы қайын атасы мен енесін де пышақтап өлтірген. Екі адамның мәйітін шамамен 1,3 метр тереңдікте қазылған жерге көмген.
Одан кейін Сәрсемәлиев бұрынғы әйелі Ақбаян мен қайын апасы Мейрамгүл Қарабалинаны ертіп Атырауға келген. Қалада Мейрамгүлді де пышақтап өлтіріп, мәйітін Наурыз Мұқанғалиевтің жанына көмген.
Осылайша, іс материалдарына сәйкес, Сәрсемәлиев төрт адамның өліміне байланысты өмір бойына бас бостандығынан айырылған.