Мәзір

Ыстанбұлда қазақстандық қыз көз жұмды: соңғы суреті мен жаңа деректер жарияланды

Ыстанбұлда қазақстандық қыз көз жұмды: соңғы суреті мен жаңа деректер жарияланды Ыстанбұлда қазақстандық қыз көз жұмды: соңғы суреті мен жаңа деректер жарияланды
ашық дереккөз

Түркияның Ыстанбұл қаласында қаза тапқан 26 жастағы қазақстандық Айсұлу Бекмаханованың өліміне қатысты жаңа мәліметтер жарияланды. Марқұмның қайғылы оқиғаға дейін шатырдың шетінде отырған сәті суретке түсірілген. Қазір полиция оның бірге тұрған құрбысы мен сүйіктісін ұстады, деп хабарлайды buginmedia.kz Ulysmedia.kz басылымына сілтеме жасап.

Қайғылы оқиға алдында не болған?

Түркияның Hürriyet газетінің жазуынша, тергеу барысында Айсұлудың қайтыс болардан аз уақыт бұрын көрші ғимараттың шатырының шетінде отырған суреті табылған. Фотосуретті онымен бір пәтерде тұрған Дария Б. есімді қыз түсірген.

Дарияның полицияға берген жауабына сәйкес, таңғы сағат 08:15 шамасында ол құрбысының шатырда отырғанын байқап, қауіпті жерден кетуін өтінген. Алайда Айсұлу оған:

«Мен осында біраз отырамын, сен ұйықтай бер», – деп жауап берген.

Осыдан кейін Дария бөлмесіне қайтып, ұйықтап қалғанын айтқан. Кейін қатты шыққан музыкадан оянып, Айсұлудың пәтерде жоқ екенін байқаған. Құрбысын іздеу барысында көрші ғимараттың шатырының бір бөлігі бүлінгенін көрген. Төменге қарағанда, Айсұлудың қимылсыз жатқанын байқағанын мәлімдеген.

Айсұлу қайғылы оқиға алдында кіммен кездескен?

Тергеу барысында марқұмның соңғы сағаттарын қалай өткізгені де анықталған.

Дарияның айтуынша, 24 қазанда кешкі сағат 20:00 шамасында екеуі бірге үйден шыққан. Ал келесі күні таңғы сағат 05:00 шамасында Айсұлу сүйіктісіне кеткен.

Ол – дүкен иесі, 35 жастағы Мазхар Т. есімді ер адам. Ер адам полицияға берген жауабында Айсұлудың таңғы сағат 05:30 шамасында өзіне келгенін айтқан. Екеуі біраз уақыт бірге болғаннан кейін, қыз сағат 07:40 шамасында үйіне қайтқан.

Мазхардың сөзінше, ол қазақстандық қыздың түнгі клубта жұмыс істегенінен хабардар болған.

Полиция екі адамды ұстады

Тергеу аясында прокуратураның шешімімен Айсұлумен бірге тұрған Дария Б. мен оның сүйіктісі Мазхар Т. ұсталған. Екеуі де тергеу амалдарын жүргізу үшін полицияға жеткізілген.

БАҚ мәліметінше, Айсұлу мен Дария Түркияға 2026 жылғы 8 қыркүйекте бірге келген. Әзірге ұсталғандардың процестік мәртебесі және оларға қандай да бір айып тағылған-тағылмағаны туралы толық ақпарат жарияланбаған.

Айсұлу қалай қаза тапты?

Еске салайық, қайғылы оқиға 25 қазанда Ыстанбұлдың Шишли ауданындағы Эргенекон шағынауданында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, Айсұлу өзі тұрған тұрғын үйдің алтыншы қабатындағы балконнан көрші ғимараттың шатырына өткен. Кейін шатырдың ортасына қарай жүрген кезде аяқ астындағы жабынның бір бөлігі опырылып, бойжеткен ғимараттар арасындағы кеңістікке, жерасты екінші қабат деңгейіне құлаған.

Оқиға орнына полиция мен жедел жәрдем қызметкерлері жеткенімен, дәрігерлер оның қайтыс болғанын анықтаған. Марқұмның денесі сот-медициналық сараптама жүргізу үшін тиісті мекемеге жеткізілген.

Бұған дейін Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Айсұлу Бекмаханованың қаза тапқанын растаған. Ведомство қазақстандық дипломаттар марқұмның отбасымен байланыста болып, қажетті консулдық-құқықтық көмек көрсетіп жатқанын хабарлаған.

Қазір Түркияның құқық қорғау органдары оқиғаның барлық мән-жайын анықтап жатыр.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2