Мәзір

Ресейде пиротехника зауытында шыққан өрттен 14 адам қаза тапты

Ресейде пиротехника зауытында шыққан өрттен 14 адам қаза тапты Ресейде пиротехника зауытында шыққан өрттен 14 адам қаза тапты
Фото: Ресей ТЖМ

Ресейдің Ярославль облысында пиротехника өндіретін кәсіпорында өрт болып, 14 адам қаза тапты. Тағы бір әйел зардап шекті. Оқиғаға байланысты өңірде төтенше жағдай режимі енгізілді, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Өрт 28 қыркүйекте Ярославль облысының Кубринск ауылындағы пиротехникалық өнім өндіретін кәсіпорын аумағында болған. Ресейдің Ярославль облысы бойынша ТЖМ бас басқармасының мәліметінше, өрт туралы хабар ведомствоға сағат 16:06-да түскен.

Өрт екі ғимаратты шарпыған. Оқиға кезінде кәсіпорында сақталған пиротехникалық өнімдер детонацияланып, ғимараттардың конструкциялары құлаған. Өртті сөндіруге 100-ден астам адам мен 40-қа жуық техника жұмылдырылған. Сағат 17:54-те өрт оқшауланғаннан кейін құтқарушылар үйінділерді тазалап, жекелеген ошақтарды сөндіру жұмыстарын жалғастырған.

Оперативтік қызметтердің соңғы мәліметінше, кәсіпорында оқиға кезінде 15 адам болған. Оның 14-і қаза тауып, тағы бір әйел зардап шеккен. Зардап шеккен әйелге медициналық көмек көрсетілген. Қаза болғандардың барлығы Ресей азаматтары, олардың басым бөлігі Кубринск ауылында тұрған.

ТАСС агенттігінің хабарлауынша, жарылыстан ауылдағы тоғыз тұрғын үй зақымданған. РЕН ТВ жергілікті тұрғындарға сілтеме жасап, жарылыстың салдарынан үйлердің терезелері мен есіктері сынғанын хабарлады. Оқиғадан кейін ауылда электр жарығы өшіп, энергетиктер электрмен жабдықтауды қалпына келтіру жұмыстарына кіріскен.

Оқиғадан кейін Ярославль облысының Переславль-Залесск округінде төтенше жағдай режимі енгізілді. Кубринск пен Нагорье елді мекендеріндегі емханалар базасында уақытша орналастыру пункттері ашылған.

Ресейдің Тергеу комитеті қауіпсіздік талаптарын бұзу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады. Қазір өрт пен жарылыстың нақты себептері анықталып жатыр.

Ярославль облысының губернаторы Михаил Евраев қаза болғандардың отбасыларына көңіл айтып, зардап шеккендер мен марқұмдардың жақындарына көмек көрсетілетінін мәлімдеді. Өңірде 30 қыркүйек аза тұту күні деп жарияланды.

Кәсіпорын туралы не белгілі?

«Коммерсантъ-Ярославль» дерегінше, өрт «Салют-Юг» ЖШҚ кәсіпорнында болған. Компания Минералды Воды қаласында тіркелгенімен, Кубринск ауылында қызмет атқарған. Кәсіпорын директоры — Алексей Пронин.

76.RU мәліметінше, компанияға қатысты шетел азаматтарын еңбек қызметіне заңсыз тартуға байланысты бірнеше әкімшілік іс болған.

ТАСС кәсіпорынды 2023 жылы салық инспекциясының талабы бойынша банкрот деп тану әрекеті жасалғанын жазды.

Ал кәсіпорында өңірлік ТЖМ басқармасы жүргізген соңғы тексеру 2024 жылғы 26 қарашада өткен. Сол кезде инспектор электр сымдарының оқшауламасында көзге көрінетін ақаулар барын анықтап, компанияға ескерту жасаған. Бұл бұзушылықтың қазіргі өртке қатысы бар-жоғы әзірге белгісіз. Оны тергеу анықтауы тиіс.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2