Шымкентте Каспий теңізіндегі әскери оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілер туралы TikTok-та тікелей эфирде пікір білдірген 21 жастағы Нұрахмет Бердібай 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды., деп хабарлайды buginmedia.kz.
Ол тікелей эфир кезінде көрермендердің бірі қаралы күн туралы айтқанда: «Қаралы күн? Біз үшін өлді ме?» деп жауап беріп, артынша балағат сөз айтқан. Полиция бұл эфирді әлеуметтік желілерге мониторинг жүргізу барысында анықтаған.
Бердібаймен бірге эфирге қатысқан 22 жастағы Абзал Мұсылманқұл мен Бақдәулет Мұстафаға да ресми ескерту жасалып, олар бір ай мерзімге профилактикалық есепке қойылды.
Ал Бердібайға қосымша 10 тәулік әкімшілік қамау жазасы тағайындалған.
Қайғылы оқиға
Оқиға 24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі «Хазар Қорғаны – 2026» оқу-жаттығуы кезінде болған. 17 әскери қызметші суға кетіп, оның 14-і қаза тапты.
Кейін әскери қызметшілердің құтқару кеудешелерімен қамтамасыз етілмегені белгілі болды. Бас прокуратура салғырттық және кеме жүргізу қағидаларын бұзу деректері бойынша қылмыстық іс қозғап, бірнеше командир ұсталды.