Тараз қаласында ақын Ербол Бықыбаев ұсталды. Ол терроризмді насихаттады деген күдікке ілінген. Бұл туралы заңгер Дәулетхан Ахметов мәлімдеді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Заңгердің айтуынша, ақынға қатысты қылмыстық іс қозғалған. Ол іс бойынша күдікті деп танылған.
Ербол Бықыбаевқа әлеуметтік желілер мен ақпараттық-коммуникациялық желілерді пайдалана отырып терроризмді насихаттады деген айып тағылып отыр. Бұл әрекет Қылмыстық кодекстің 256-бабының 2-бөлігі бойынша қарастырылған.
Аталған бапта 7 жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Дәулетхан Ахметов ақынның ұсталуына әлеуметтік желіде тараған бейнеролик себеп болуы мүмкін екенін айтты. Видеода Ербол Бықыбаев пайғамбарға тіл тигізген адамдарды қатаң сынға алған.
Ербол Бықыбаев кім?
Ербол Бықыбаев әлеуметтік желіде қоғамдағы өзекті мәселелерге арналған өлеңдерімен танылған. Әсіресе Шерзат Полаттың өліміне қатысты жазған өлеңдері көпшілік арасында кең тараған.