Маңғыстау облысында әскери қызметшілердің қаза табуына байланысты Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен 25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні болып жарияланды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.
– Мемлекет басшысының өкімімен Маңғыстау облысында қызметтік міндеттерін атқару кезінде әскери қызметшілердің қазаға ұшырауына байланысты Қазақстан Республикасында 2026 жылғы 25 қыркүйекте жалпыұлттық аза тұту жарияланды, – делінген хабарламада.
Айта кейейік, қайғылы жағдай 24 қыркүйекте Каспий теңізінің жағалауында өткен «Хазар қорғаны-2026» оқу-жаттығуы кезінде болды. Кенеттен ауа райының күрт нашарлап, желдің күшеюінен 19 әскери қызметші теңізге ағып кеткен.
Қолда бар мәлімет бойынша, 12 әскери қызметші қаза тауып, үшеуі құтқарылған. Қалғандарын іздеу-құтқару жұмыстары жалғасып жатыр.
Мемлекет басшысы қаза тапқан әскери қызметшілердің туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, оқиғаның барлық мән-жайын анықтауды тапсырды. Үкіметтік комиссияға Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жетекшілік етіп отыр.
Әскери қызметшілердің қаза болуына байланысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр.