Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіндегі істердің жай-күйіне кешенді тексеру жүргізу жөніндегі комиссия мүшелерімен кеңес өткізді. Мемлекет басшысы атқарылған жұмыстың алғашқы нәтижелері туралы есепті тыңдады. Комиссия төрағасы, Қауіпсіздік Кеңесі Төрағасының орынбасары Аида Балаева тексерістің негізгі бағыттары жөніндегі қорытындыны баяндады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Қорғаныс министрлігін кешенді тексерудің алғашқы кезеңінде мемлекет мүлкін талан-таражға салу, қызметтік өкілеттікті асыра пайдалану және басқа да заң бұзушылықтарға қатысты 13 қылмыстық іс қозғалды.
Бес лауазымды тұлға ұсталды
Маңғыстаудағы қайғылы оқиғаға қатысты тергеу барысында әскери іс-шараларды жоспарлау, тәуекелдерді бағалау және әскери қызметшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуде елеулі кемшіліктер анықталды. Қолбасшылық құрамның салғырттығына қатысты тергеу жалғасып, бес лауазымды тұлға ұсталды.
Әскердегі әлімжеттік фактілері анықталды
Тексеру кезінде әскери тәртіп пен алдын алу жұмыстарындағы кемшіліктер, әлімжеттік және жарғы талаптарын бұзу фактілері анықталды. Осы деректер бойынша қылмыстық істер қозғалды.
50 нысан тексеріледі
Қорғаныс министрлігіндегі бюджет қаражатының жұмсалуына жоспардан тыс аудит жүргізіліп жатыр. Тексеру 50 нысанды, оның ішінде 48 әскери бөлімді қамтиды.
57 ұсыным берілді
Қорғаныс саласындағы мемлекеттік тапсырысқа жүргізілген аудит нәтижесінде Үкімет пен мемлекеттік органдарға анықталған заң бұзушылықтарды жою бойынша 57 ұсыным мен тапсырма жолданды.
Тоқаев: кінәлілер жауапқа тартылуы тиіс
Президент әскери қызметшілердің қазасына кінәлі барлық лауазымды тұлға заңға сәйкес жауапкершілікке тартылуы керек екенін айтты. Анықталған кемшіліктерді жою және Қарулы күштерді реформалау бойынша ұсыныстар әзірлеу тапсырылды.
Тексеру комиссиясы мен аудит жұмысы жалғасып жатыр.