Қай өңірлерде күн жылы болады
Қазгидрометтің консультативтік болжамына сәйкес, қазан айында Қазақстанның басым бөлігінде орташа ауа температурасы +3…+10 градус аралығында болады. Оңтүстік өңірлерде бұл көрсеткіш +11…+16 градусқа дейін жетеді.
Еліміздің басым бөлігінде ауа температурасы климаттық нормадан 1–2 градусқа жоғары болады деп күтіледі. Тек Шығыс Қазақстан мен Абай облыстарында, сондай-ақ Павлодар облысының солтүстік-шығысында температура қазан айына тән қалыпты деңгейде сақталады.
Қай өңірлерде жауын-шашын көп түседі
Қазақстанның басым бөлігінде жауын-шашын мөлшері климаттық норма шамасында болады.
Батыс Қазақстан облысының көп бөлігінде, Атырау мен Маңғыстау облыстарының батысында, Ақтөбе облысының солтүстігінде және Қостанай облысының солтүстік-батысында жауын-шашын әдеттегіден көбірек түседі деп болжанып отыр.
Ал Жамбыл, Жетісу, Ұлытау, Абай және Алматы облыстарында, Қызылорда облысының оңтүстік-шығысында, Қарағанды облысының оңтүстігінде және Түркістан облысының солтүстігінде жауын-шашын мөлшері климаттық нормадан төмен болады.