Қазақстанда 31 қазан мен 2 қараша аралығында ауа райы құбылмалы болады. Елдің бірқатар өңірінде жаңбыр мен қар жауып, көктайғақ болуы мүмкін. Сонымен қатар тұман түсіп, жел күшейеді. Бұл туралы buginmedia.kz «Қазгидромет» болжамына сілтеме жасап хабарлады.
Қай өңірлерде қар жауып, көктайғақ болады?
Синоптиктердің мәліметінше, солтүстік-батыс циклоны мен онымен байланысты атмосфералық фронттардың өтуіне байланысты ел аумағының басым бөлігінде жауын-шашын күтіледі. Кей өңірлерде жаңбыр мен қар аралас жауады.
Қазақстанның солтүстігі мен шығысында көктайғақ болуы ықтимал. Ал батыс және солтүстік-батыс аймақтарда антициклонның әсерінен айтарлықтай жауын-шашын болжанбайды.
Қай жерлерде тұман түсіп, шаңды дауыл соғады?
Республика бойынша жел күшейеді. Күндіз оңтүстік өңірлерде шаңды дауыл тұруы мүмкін.
Түнгі және таңғы уақытта елдің солтүстігі мен шығысында, сондай-ақ оңтүстік және оңтүстік-шығыстағы таулы аймақтарда тұман түседі.
Синоптиктер жауын-шашын мен желдің күшеюіне қарамастан, Қазақстан бойынша ауа температурасы айтарлықтай өзгермейтінін хабарлады.