Бұл туралы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова «Казахстанская Правда» газетіне берген сұхбатында айтты.
Кімдерге жаңа несие берілмейді?
Қазірдің өзінде төленбеген несиесі бар азаматтарға жаңа қарыз алуға шектеу қойылған. Сондай-ақ соңғы 36 айда қарызы толық кешірілген немесе соңғы 12 айда берешегін қайта құрылымдағанымен, оны өтеуге мүмкіндігі болмаған адамдарға да жаңа кредит беру шектеледі.
2027 жылғы 1 қаңтардан бастап бұл талаптарға қоса қарыз алушының жиынтық берешегінің жылдық табысына қатынасын көрсететін жаңа коэффициент енгізіледі. Оның мақсаты – азаматтардың шамадан тыс қарыз алуына жол бермеу.
Қолданыстағы шаралар да нәтиже бере бастаған. Агенттік мәліметінше, банктердегі проблемалық тұтынушылық кредиттердің өсуін тежеуге бағытталған талаптар күшейтілген. Қазір борыш жүктемесі коэффициенті қарыз алушының барлық несиесіне қатысты есептеледі.
Банктер арасындағы бәсеке күшейеді
Қазақстанның банк нарығына жаңа қатысушылардың кіруіне де жағдай жасалып жатыр. Заңнамада базалық және әмбебап банк лицензиялары енгізілді.
Сонымен қатар сенімді шетелдік банктердің Қазақстан нарығына келуіне мүмкіндік кеңейтіліп, ірі микроқаржы ұйымдарын банкке айналдыру тетігі іске қосылды.
Нәтижесінде 2025 жылы BNK Commercial Bank пен KMF Банк жаңа лицензия алды.
Банк нарығындағы өзгерістердің тағы бірі – исламдық қаржыландыру бағытын дамыту. Атап айтқанда, банктерге «ислам терезесі» арқылы қызмет көрсетуге мүмкіндік беріледі.
Қарыз жүктемесі қалай есептеледі?
Қазір банктер мен микроқаржы ұйымдары азаматтың несие төлемдерін оның табысымен салыстырады. Бұл көрсеткіш борыш жүктемесінің коэффициенті деп аталады. Қолданыстағы талап бойынша КДН 50 пайыздан аспауы керек. Яғни ай сайынғы кредит төлемдері адамның табысының жартысынан көп болмауға тиіс.
Ал 2027 жылдан бастап азаматтың жалпы қарызы мен жылдық табысының арақатынасы да ескеріледі. Бұл азаматтардың табысына шамадан тыс несие алуына жол бермеуге бағытталған.