Вице-премьер Аида Балаева сайлауалды науқан кезінде саяси партиялардың белсенділік танытып, өз бағдарламаларын сайлаушыларға таныстыруға тырысқанын айтты. Оның сөзінше, ендігі таңдауды азаматтардың өзі жасайды.
– Партиялар сайлау науқанына өте креативті әрі белсенді қатысты және әрқайсысы өздерінің партиялық бағдарламаларының артықшылықтарын көрсетуге тырысты. Қазақстандықтардың бейжай қарамай, сайлау науқанын бақылап, белсенді қатысып, бағдарламаларды тыңдағаны өте жақсы. Бүгінде олардың ең үздік партиялық бағдарламаға дауыс беруге тамаша мүмкіндігі бар деп ойлаймын. Өйткені барлық партияның, әрине, Құрылтай құрамына барынша көп орын алуды көздейтіні белгілі. Алайда мұны сайлаушылар анықтайды. Менің ойымша, өз партиялық бағдарламасының артықшылықтарын көрсете алған ең белсенді партия жеңіске жетеді, – деді Аида Балаева журналистерге.
Вице-премьер болашақ Құрылтайдың қандай болуы керектігіне де тоқталды. Оның пікірінше, депутаттар кәсіби жұмыс істеп, халықтың мүддесін қорғауы және сайлаушылармен тұрақты байланыста болуы қажет.
– Кәсіби болуы керек, халықтың мүддесін шын мәнінде көздеуі тиіс. Халықпен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеуі қажет, өйткені Ұлттық Құрылтайды халық сайлайды. Менің ойымша, Құрылтай депутаттары бізді, сайлаушыларды ұятқа қалдырмайды, – деді Аида Балаева.
Сайлаудан кейін Үкімет құрамында өзгерістер болуы мүмкін бе деген сауалға Аида Балаева қазіргі Үкімет мүшелерінің кәсіби деңгейін атап өтті. Оның айтуынша, министрлердің басым бөлігі өз қызметін жалғастыруы мүмкін.
– Менің ойымша, бүгінгі таңда жұмыс істеп отырған Үкімет құрамы өте кәсіби. Көптеген министр өз қызметінде қалады деп ойлаймын. Мемлекет басшысының жүзеге асырылып жатқан нақты міндеттері мен бастамалары бар. Олар кезең-кезеңімен іске асырылуда. Меніңше, көптеген министр осы бағытты жалғастырып, жұмысын әрі қарай атқарады және Үкімет құрамында қалады, – деді ол.
Министр өз саласындағы негізгі міндеттерге тоқталып, жаңа Конституцияға сәйкес қолданыстағы заңнаманы қайта қарау қажеттігін айтты.
– Ең бастысы – қазір жаңа Конституция бар. Біз барлық заңдарымыз бен заңға тәуелді актілерімізді соған сәйкестендіруіміз керек. Алда болашақ Құрылтаймен, Құрылтай депутаттарымен бірге атқаратын ауқымды жұмыс тұр. Әрине, Мемлекет басшысы айтқан барлық бастамаларды да жүзеге асыруымыз қажет. Бұл – барлық саланы цифрландыру, барлық азаматқа тең мүмкіндік беруге бағытталған әлеуметтік саясат. Бұл өте маңызды. Сондықтан, әрине, біз осы бағытта жұмыс істейтін боламыз, – деді вице-премьер.
Сонымен қатар Аида Балаева ақпарат және мәдениет салаларындағы міндеттерге де назар аударды. Ол «заң және тәртіп» қағидатын сақтау, сондай-ақ жалған ақпараттың таралуына жол бермеу бағытында жұмысты жалғастыру қажеттігін айтты.
– Егер мен жаңа Үкіметтің құрамында болсам, медиасала мен онлайн-платформалар саласындағы заңнаманы жетілдіру бағытында жұмыс істейтін боламыз. Қоғамда қаншама мәселе туындап жатқанын көріп отырмыз. Қазірдің өзінде бізде сіздермен бірге талқылайтын үлкен түзетулер пакеті бар, – деп қорытындылады Аида Балаева.