Жақындарының айтуынша, 3 шілдеде бірнеше адам профессор тұратын Астанадағы үйге келген. Олар Қарабаевқа тыңшылық жасады деген айып тағылып отырғанын айтып, оны сол жерде алып кеткен. Сол уақытта үйде оның әйелі мен кәмелетке толмаған үш баласы болған.
Икболжон Қарабаев Мақсұт Нәрікбаев атындағы университетте халықаралық қатынастар пәнінен сабақ береді. Сонымен қатар, ол Бельгиядағы Біріккен Ұлттар Ұйымы университетінің Аймақтық интеграцияны салыстырмалы зерттеу институтында (UNU-CRIS) аға ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді.
BBC мәліметінше, редакция профессордың ұсталуына қатысты ақпаратты бірнеше апта бойы зерттеген. Алайда істің құпиялылығына байланысты нақты деректерді анықтау қиын болған. Қарабаевпен бірге жұмыс істеген кейбір зерттеушілер түсініктеме беруден бас тартса, енді бірқатары аты-жөнін жарияламауды сұраған.
Әзірге құзырлы органдар бұл мәселеге қатысты мәлімдеме жасаған жоқ.
Қазақстан Қылмыстық кодексінің 176-бабында шетел мемлекетінің немесе ұйымының мүддесі үшін мемлекеттік құпияларды беру, жинау, ұрлау немесе сақтау тыңшылық ретінде қарастырылады.