Мәзір
Бүгін, 14:22 / BuginMedia / Әлеумет

Алты адам қаза тауып, бір жұмысшы аман қалды: сүт фермасындағы оқиғаға қатысты депутат ұсталды

Павлодар облыстық мәслихатының депутаты әрі Aqtogai Milk ЖШС иесі Александр Терентьев кәсіпорында алты жұмысшының қаза болуына қатысты қылмыстық іс аясында ұсталды. Тергеу барысында іс бойынша барлығы үш адам күдікке ілініп, ұсталған, деп хабарлайды buginmedia.kz.

Алты адам қаза тауып, бір жұмысшы аман қалды: сүт фермасындағы оқиғаға қатысты депутат ұсталды Алты адам қаза тауып, бір жұмысшы аман қалды: сүт фермасындағы оқиғаға қатысты депутат ұсталды
Фото: instagram.com/terentev3186

Павлодар облыстық мәслихатының депутаты әрі Aqtogai Milk ЖШС иесі Александр Терентьев кәсіпорында алты жұмысшының қаза болуына қатысты қылмыстық іс аясында ұсталды. Полиция мәліметінше, іс бойынша барлығы үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған.

Қайғылы оқиға 20 шілдеде Ақтоғай ауданына қарасты Жоламан ауылындағы сүт фермасында болған. Жұмысшылар кәсіпорын аумағындағы кәріз құдығында жөндеу жұмыстарын жүргізген. Алдын ала мәлімет бойынша, олар электр сорғысының ақауын жөндеуге кіріскен.

Жұмыс барысында алты адам қаза тапты. Тағы бір жұмысшы аман қалып, көмірқышқыл газынан уланып, ауруханаға жеткізілген.

Павлодар облысы полиция департаменті Александр Терентьевті қоса алғанда, үш адамның күдікке ілініп, ұсталғанын растады.

«Қылмыстық іс аясында оқиғаның барлық мән-жайын анықтауға бағытталған қажетті тергеу әрекеттерінің кешені жүргізіліп жатыр. Қазіргі уақытта үш күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды», – деп хабарлады полиция.

Құқық қорғау органдары тергеудің өзге де мәліметтерін әзірге жариялаған жоқ.

Қаза тапқандардың үшеуі – бір отбасының мүшелері

Бұған дейін қаза болған алты жұмысшының үшеуі бір отбасыдан екені хабарланған. Олар – 51 жастағы әке және оның 17 және 20 жастағы екі ұлы.

Оқиғадан кейін Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов қайғылы жағдайдың мән-жайын толық тексеріп, кінәлілерді анықтауды тапсырған.

Александр Терентьев бұған дейін қаза болған жұмысшылардың отбасыларына көмек көрсететінін мәлімдеген. Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жұмыс беруші марқұмдардың жақындарына материалдық көмек көрсетіп, жыл соңына дейін жалақысын төлеуге және несие міндеттемелерін өтеуге жәрдемдесуге уәде берген.

Апта талқысында:

Buginmedia.kz

Мобильді қосымшалар

Жаңалықтарды жедел оқыңыз, push-хабарламалар алыңыз және сүйікті айдарларды оффлайн да бақылаңыз.

Buginmedia экран 1 Buginmedia экран 2