КТК мәліметінше, 28 жастағы әйел жүктіліктің жетінші айына жетпей, үш ұл баланы табиғи жолмен дүниеге әкелген. Туыстарының айтуынша, бұған дейін дәрігерлер оған кесарь тілігін жасау қажет екенін айтқан. Алайда жергілікті перзентхана мамандары ота жасаудың қажеті жоқ деген шешім қабылдаған.
Өкінішке қарай, сәбилердің екеуі дүниеге келгеннен кейін бірден шетінеген. Біраз уақыттан соң үшінші нәресте де көз жұмған.
Қазір ата-анасы үшінші сәбидің мәйітін беруді сұрап, оқиғаның жан-жақты әрі әділ тергелуін талап етіп отыр.
Марқұм сәбилердің туысының айтуынша, бұл – Айдананың үшінші жүктілігі. Ерлі-зайыптылар қазірдің өзінде екі бала тәрбиелеп отыр: үлкен ұлдары төрт жаста, ал қыздары екі жаста. Үшем болатынын естігенде отбасының қуанышында шек болмаған.
Сондай-ақ марқұм сәбилердің туыстары мәйіттерді беру тәртібіне де наразылық білдіріп отыр. Олардың айтуынша, шетінеген екі нәрестенің денесі ешқандай құжатсыз, қарапайым қорапқа салынып берілген.
Ал дәрігерлер босанған әйелге қатысты барлық медициналық көмек бекітілген хаттамаға сәйкес көрсетілгенін мәлімдеді. Олардың сөзінше, жүкті әйел шұғыл түрде ауруханаға жатқызылған. Үшем жүктіліктің 25-аптасында дүниеге келген және сәбилердің әрқайсысының салмағы өте төмен болған. Сонымен қатар олардың өмірлік маңызды ағзалары толық жетілмеген.
Қарасай клиникалық көпсалалы орталық аудандық ауруханасының баспасөз қызметінің мәліметінше, жүктіліктің 25-аптасында үшемді босану – аса ауыр жағдай саналады және шұғыл медициналық көмекті талап етеді.
«Туған кездегі салмағы 500 грамға дейінгі нәрестелердің салмағы экстремалды төмен болып есептеледі. Мұндай жағдайда өмірлік маңызды ағзалар, әсіресе өкпе мен орталық жүйке жүйесі толық қалыптасып үлгермейді», – деп хабарлады аурухананың баспасөз қызметі.
Марқұм сәбилердің туыстары полицияға арыз түсірді. Олар қайғылы оқиғаға кінәлі адамдардың заң алдында жауап беруін талап етіп отыр. Сонымен қатар отбасы нәрестелердің нақты неден көз жұмғанын анықтап беруді сұраған. Алайда мамандардың айтуынша, өлімнің нақты себебі сот-медициналық сараптаманың қорытындысы шыққаннан кейін ғана белгілі болады.