Семейде қоқыс контейнерінен табылған нәрестенің өліміне қатысты оның ата-анасына сот үкімі шықты. Баланың әкесі өмір бойына бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Тергеу мәліметінше, 21 жастағы әйел жүктілігін жасырған және қызын үйінде босанған. Кейін ол сәбидің өлі туғанын айтқан.
Алайда тергеу барысында нәрестенің тірі туылғаны, кейін суықтан көз жұмғаны анықталған. Ал оның денесін қоқыс контейнеріне апарып тастаған — 26 жастағы әкесі.
Бір қызығы, баланың ата-анасы да ішкі істер органдарында қызмет атқарған. Сот шешімімен екеуі де арнайы шендері мен атақтарынан айырылды.
Сот 21 жастағы анаға екі жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған. Алайда ол рақымшылыққа іліккен. Ал нәрестенің әкесі Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 99-бабының 3-бөлігі бойынша кінәлі деп танылып, өмір бойына бас бостандығынан айырылды.
Судья Нияз Хасенбаев сот залында үкімді жариялап, ер адамға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалғанын мәлімдеді.