Оқиға орнынан түсірілген видеода құрылыстардың қалай өртенгені анық көрінеді. Бұл кадрлар әлеуметтік желілерде тез тарап кеткен.
Куәгерлердің айтуынша, қайғылы жағдай таңғы сағат алты шамасында болған.
«Әйел адам мен емізулі сәбиі тірідей жанып кетті, ал ер адамды дәрігерлер ауыр күйікпен алып кетті», – делінген жарияланған бейнежазбалардың біріндегі сипаттамада.
Төтенше жағдайлар департаментінің мәліметінше, алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері келген кезде ашық жалын байқалған. Хабардың кеш түсуіне байланысты өрт тез өршіп үлгерген.
Тілсіз жауды сөндіруді қиындатқан жайттар:
ауа температурасының жоғары болуы,
қатты түтін,
үйлердің құрылыс ерекшеліктері (қалқандардан және қамысқаптан тұрғызылған).
Сонымен қатар, тар көшелер мен тығыз орналасқан құрылыстар да кедергі келтірген. Ғимараттар арасындағы арақашықтық небәрі 1,5-2 метрді құраған.
«Өрт орнынан екі адамның мәйіті табылды. Бір адам күйік жарақатымен ауруханаға жеткізілді», – деп хабарлады Алматы облысының ТЖД.
Өрттің жалпы аумағы 448 шаршы метрді қамтыған. Сөндіру барысында қызыл жалын аумағынан төрт газ баллоны қауіпсіз жерге шығарылды.
Өртті сөндіруге Алматы облысы және Алматы қаласы ТЖД-нің күштері мен құралдары жұмылдырылды. Барлығы 18 қызметкер мен 6 техника тартылған.