«Сот Жанәбілов Ерболатқа қатысты әкімшілік істі тоқтату туралы шешім шығарды. Істе қылмыстық заң бұзу сипаты бар болғандықтан, бұл істі сотқа дейінгі тергеу жүргізу үшін экономикалық тергеу департаментіне жолдау қажет деп танылды», - деді судья.
Сот деректеріне сәйкес, кәсіпкерлер әлеуметтік желі арқылы ақылы оқу курстарына қатысушылардан қаражат жинап, көлік құралдары мен бағалы сыйлықтарды ұтысқа қойған. Ұтыс жеңімпаздары «сәттілік барабаны» әдісімен таңдалған.
Алайда, Қазақстан заңнамасына сәйкес, лотереяны тек ресми оператор – «Сәтті Жұлдыз» АҚ ғана өткізе алады. Ал аталған кәсіпкерлердің операторымен ешқандай келісімшарты болмаған.
Сот ұтысқа қатысушылар санының көптігін (шамамен 6 мың адам) және төленген қаражат көлемін ескере отырып, бұл әрекеттерде заңсыз кәсіпкерлік белгілері бар деген қорытындыға келді.
Нәтижесінде, әкімшілік іс жүргізу тоқтатылып, материалдар қылмыстық іс қозғау үшін Экономикалық тергеу департаментіне жолданды.