Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстаннан мұнай өнімдерін заңсыз экспорттаған ұйымдасқан қылмыстық топтың әрекетін тоқтатты. 2019–2023 жылдары шетелге 160 мың тоннадан астам мұнай өнімі шығарылған. Операциялардың жалпы құны шамамен 45 млрд теңгеге бағаланған, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Тергеу мәліметінше, қылмыстық схеманы Маңғыстау облысының кәсіпкері ұйымдастырған. Ол жер қойнауын пайдаланушы компаниялардан шикі мұнай сатып алуға келісімшарттар жасап, кейін оны «Standart Petroleum» және «Mangystau Oil Refining» шағын мұнай өңдеу зауыттарында өңдеген.
Одан кейін өнімге жалған сапа паспорттары рәсімделіп, пеш отыны ретінде көрсетілген. Осылайша, мұнай өнімдері Ақтау теңіз порты арқылы танкерлермен шетелге шығарылған.
2019–2023 жылдар аралығында тек «Batys Nefte Trade» ЖШС арқылы 160 мың тоннадан астам мұнай өнімі заңсыз экспортталған.
2 млрд теңгеден астам қаражат мемлекетке қайтарылды
Биыл жүргізілген тергеу және процестік іс-шаралар аясында қылмыстық іске қатысы бар тұлғалардың активтері, шағын мұнай өңдеу зауыттары, танкері және өзге де мүлкі тәркіленген.
Сонымен қатар заңсыз алынған кірістер мен төленбеген салықтар есебінен 2 млрд теңгеден астам қаражат мемлекет кірісіне өндірілген.
Бес адам 8 жылға сотталды
Ақтау қалалық сотының үкімімен ұйымдасқан қылмыстық топтың бес мүшесі, оның ішінде шағын мұнай өңдеу зауыттары мен трейдерлік компанияның басшылары сегіз жылға бас бостандығынан айырылған.
Олар Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 234-бабының 3-бөлігі және 262-бабының 2-бөлігі бойынша сотталған.
Ал қылмыстық схеманы ұйымдастырушы халықаралық іздеуге жарияланған.