Астанада блогер Ерболат Жанәбіловке қатысты отбасылық жанжал бойынша әкімшілік іс қаралды. Сот ерлі-зайыптының татуласуына байланысты істі тоқтату туралы шешім қабылдады, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі соты істі 2026 жылғы 1 қазанда жабық отырыста қараған.
Сот материалдарына сәйкес, 30 қыркүйекте Ерболат Жанәбілов үйінде жанжал шығарып, жұбайы Эльмира Төлегенованың қолынан ұстаған. Осы әрекетімен әйелінің тыныштығын бұзған. Алайда оның әрекетінен қылмыстық құқық бұзушылық белгілері анықталмаған.
Блогерге қатысты іс Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 73-бабының 1-бөлігі бойынша қозғалған. Құқық бұзушылық әлеуметтік желіде жарияланған бейнежазбаны қоса алғанда, іс материалдарымен расталған.
Сот отырысында Жанәбілов кінәсін толық мойындап, жасаған әрекетіне өкінетінін жеткізген. Сондай-ақ жұбайымен татуласқанын айтып, тиісті жазбаша келісім ұсынған.
Ал Эльмира Төлегенова сотта күйеуі өзін ұрып-соқпағанын, екеуінің арасында тек сөзге келіспеушілік болғанын айтқан. Ол жұбайымен татуласуға өз еркімен келіскенін және ешқандай қысым көрмегенін мәлімдеген.
Сот Жанәбіловтің мұндай құқық бұзушылықты алғаш рет жасағанын, кінәсін мойындап, өкінгенін ескерген. Сонымен қатар жауаптылықты ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.
Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 64-бабына сәйкес, алғаш рет құқық бұзушылық жасаған адам жәбірленушімен татуласқан жағдайда әкімшілік жауаптылықтан босатылуы мүмкін.
Осылайша, сот ерлі-зайыптының татуласуына байланысты әкімшілік істі тоқтату туралы қаулы шығарды. Қаулы әзірге заңды күшіне енген жоқ.
Айта кетейік, бұған дейін отбасылық жанжалдан кейін блогер Ерболат Жанәбілов қамауға алынғаны белгілі болды.