Қытай жағы Қазақстан билігіне жолдаған жауабында Әлімнұр Тұрғанбайдың әлі де Қытай азаматы екенін, Қытайда қос азаматтық танылмайтындығын атап өткен. Жуырда Қазақстанның Қытайдағы консулдығынан жауап алған Әлімнұр Тұрғанбайдың әйелі Гүлдәрия Шеризат Азаттыққа консулдықтың берген жауабын көрсетті.
“Қытайлық тараппен өткізілген тиісті келіссөздің нәтижелері бойынша 2025 жылдың 11 тамызында Қытай қоғамдық қауіпсіздік министрлігі халықаралық ынтымақтастық басқармасы Қытайдың “Азаматтық туралы” заңының ережелеріне сәйкес, Әлімнұр Тұрғанбай Қытай азаматтығынан шығуға рұқсат алмағанын және Қытай азаматтығынан автоматты түрде айырылу шарттарына сәйкес келмейтінін хабарлады. Осыған байланысты ол әлі күнге дейін ҚХР азаматы мәртебесін сақтап отырғанын жеткізіп, Қытайда қос азаматтық танылмайтындығын атап өткенін жеткіземіз” деп жазылған консулдық жауабында.
Қытайда туып, Қазақстанға көшіп келіп, азаматтық алған Әлімнұр Тұрғанбай 23 шілде күні жұмыс бабымен Шыңжаңға кеткелі бері одан хабар-ошар жоқ. Қасында болған адамдар әйеліне "Қытай шекарасынан оны полиция ұстап әкетті" деп айтқан.