Шымкент әуежайы арқылы Түркияға заңсыз жолмен алтын алып өтпек болған Өзбекстан азаматтарына қатысты іс бойынша сот үкімі шыққанға дейін бағалы металл мемлекет пайдасына тәркіленді. Оның жалпы құны 227,8 миллион теңге, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Бас көлік прокуратурасы хабарлауынша, сотқа дейін құны 227,8 миллион теңге болатын 2,8 келіге жуық алтынды мемлекет пайдасына тәркілеу туралы шешім Бас көлік прокуратурасының өтінішхаттары негізінде қабылданған.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер бағалы металды кедендік бақылаудан жасыру үшін алтын бөлшектерін шабадандардың ішкі астарына және жүк қаптамаларына жаққан.
Өзбекстан азаматтары алтынды Шымкент әуежайы арқылы Түркияға алып кетпек болған.
Қазіргі уақытта күдіктілерге халықаралық іздеу жарияланған. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жалғасып жатыр.