Барлық жанжал әйелінің суретіне қойылған лайктан басталып, қызметтегі кикілжіңдерге ұласқан екен. Айыпталушы не үшін әйелімен ажырасуға шешім қабылдады? Ал Берденов қызғанышқа қатысты тағылған айыптауларға қалай жауап берді? Толығырақ Orda.kz тілшісі репортажында баяндайды.
Отырыстың басында прокурорлар айыптау актісін тағы бір мәрте оқып шықты. Бұдан кейін сөз айыпталушыға берілді. Ерлан Жиембай өз сөзін Руслан Берденовтің Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалуын қалай қабылдаған сәтін баяндаудан бастады.
«Мен оның қала әкімнің орынбасары қызметіне келгеніне қуандым»
«Ақпан айында Руслан Берденовтің Шымкент қаласы әкімінің орынбасары болып тағайындалғаны белгілі болды. Мен бұл жаңалыққа жеке өзім қуандым. Адамдар одан ақылы түрде тәлім алады. Мен өз ұжымыма: «ал біз одан тегін үйренеміз» деп айттым.
Уақыт өте келе 7–8 наурыз күндері әйелімнің телефонына хабарлама келді. Руслан Берденов оның суретіне лайк басып, әдемі екенсің деп жазыпты. Мен бұдан ешқандай жамандық көрмедім. Өзім де кейде әлеуметтік желіде суреттерге лайк басып қоямын. Сондықтан ешқандай теріс ойда болған жоқпын. Бірақ, біз сол сәтте ұрсысып қалдық, әйелім Берденовті танымайтынын айтты. Сөйтіп, ұрыс аяқталып, қайта татуластық. Өміріміз жалғасып жатты», – деді Жиембай сот залында.
Әңгімесін әйеліне қатысты бастағанымен айыпталушы жұбайына шүбәсіз сенетінін атап өтті.
«Луиза Алдановамен, яғни әйеліммен мектептен бері таныспыз. Ол — адал жар, мен оны қатты жақсы көремін. Ол — екі баламның анасы. Маған ешқашан опасыздық жасаған емес. Ол туралы айтылған барлық алып-қашпа әңгімелерді жоққа шығарамын. Әйелім тәрбиелі, жақсы отбасынан шыққан. Үлкен ұлымыз Ақсұңқардың аутизм диагнозы бар, көршілеріміздің де баласы аутист. Біз балаларымызды бір орталыққа апаратынбыз. Сол арқылы әйелім көршілермен жақын араласып кетті. Ал көршілер Берденовті жақсы танитын, туыстары еді», – деді Жиембай.
Оның айтуынша, жұбайы Руслан Берденовті жиі жақсы жағынан айтып, Жиембайға үлгі алатын азамат деп еске салып отырған екен.
«Мен қарсы болған жоқпын. Берденов әкім орынбасары болмай тұрып-ақ, мен оны білетінмін, сыйлайтынмын. Instagram-да жазылғанмын. Ол туралы жақсы пікірде болдым, жастарға үлгі деп есептедім», – деді айыпталушы.
«Қайдан шыққан мұрынбоқсың?»: Жиембай Берденовпен болған алғашқы кездесуді еске алды
Ернар Жиембай Руслан Берденовпен жұмыс барысындағы қарым-қатынасы қалай өрбігенін баяндады. Айтуынша, шенеунікпен алғашқы кездесуде-ақ дөрекі сөздер айтылыпты.
«Мен жұмыс істеген компания 2015 жылы ашылған. Алдымен маман болып бастадым, кейін 1 шілдеде директор болдым. Менің жалғыз мақсатым — халыққа қызмет ету еді. Көп жұмыс атқарылды. Оның бәрі әлеуметтік желілерде жарияланып отырды. Әрине, менде де кемшіліктер болған шығар. Бірақ бұған дейін маған қатысты ешқандай шағым болмады. Бір күні Руслан Арысбекұлының қабылдауына шақыртты. Кабинетке кірген кезде ішімде біртүрлі сезім болды. Ол қолымды қатты қысып амандасты. Бет-әлпетінен бір нәрсенің дұрыс емес екенін аңғардым. Сосын маған: «Мен шақырмасам, өзің келмейді екенсің, сен өзі қайдан шыққан мұрынбоқсың?» деді. Мұндай сөз естимін деп күтпедім, таңғалдым», – деді Жиембай.
Айтуынша, ол кездесуге дайындалып барған екен.
«Мен оған күнде келуге дайын екенімді, тек рұқсат қажет екенін айттым. Кейін жұмыс бойынша дайындалған слайдтарды көрсете бастадым. Ол бірден сынай бастады: «бұл не слайд? Сендер қалай жұмыс істейсіңдер өзі?» деп. Мен неге ар-намысыма тиетін сөздер айтып отырғанын сұрадым. Ол болса, мені жұмыстан шығу туралы арыз жазуға шақырды. Мен қуана-қуана кетуге дайын екенімді, басқа жұмысқа ауысатынымды айттым. Сол кезде ол мені боқтап тастады. Әр сөзіме тиісіп, тіпті сырт келбетіме де шүйлікті. Бірақ мен оған жаман ештеңе айтқан жоқпын», – деді Жиембай.
Ернар Жиембайдың айтуынша, ол Руслан Берденовпен тағы бір рет кездесуді қалаған, алайда оның бұл өтініші орындалмапты. Кейінірек, оның сөзінше, әкім орынбасарының көмекшісі байланысқа шыққан.
«Ол маған кездесу белгіледі. Мен тыңғылықты дайындалдым. Әйелім киімдерімді үтіктеді. Сол кезде ол көршілердің сөзін жеткізді. Руслан Берденов сырт келбетке қатты мән береді, қымбат костюм кию керексің, деп айтты маған», – деді Жиембай.
Жиембайдың айтуынша, сол уақытта құрылыс басқармасының басшысынан Берденовтің өзіне қатысты егер өз еркімен жұмыстан кетпесе, түрмеге отырғызбақ ниеті бар екенін естіпті.
«Құрылыс басқармасының жетекшісі «Руслан сені жұмыстан кетпесең, түрмеге отырғызам» деп айтты. Мен содан кейін әйелімнің құрбылары арқылы Берденовпен кездесу ұйымдастырып берсін деп өтініш айттым. Мен онсыз да үндемей-ақ сол жұмыстан кетер ниетім болды. Алайда, оның менімен кездескісі келмейтінін әрі мен соттамақшы екенін айтты», – деп баяндады Жиембай.
«Шалбарымды шешуге де дайын болдым»: Жиембай Берденовпен соңғы кездесуі
Ернар Жиембайдың айтуынша, әкім орынбасарымен соңғы кездесуі шешуші сәтке айналыпты. Сол күні ол туыстарының кеңесімен кешірім сұрауға бел буып әкімшілікке барыпты.
«Мен дайындалып, таңғы сегізде әкімдікке бардым. Берденов келіп, амандасып, ішке кіруімді сұрады. Сол жерде маған: «Сен не блатнойсың ба? Кетпеймін деп жүрсің ба? Әйелің әдемі екен. Сен түрмеге түссең, ол жезөкше болады, ал балаларың жетім қалады. Саған осы керек пе?» деді. Ішімнен ашуландым. Ол Құдай емес қой. Артынша мені боқтай бастады. Намысыма қатты тиді. Содан «мен кетемін» деп айттым. «Маған мені кім кетпейді деп айтып жүр көрсетіңіз сол адамды. Егер мен солай айтқанымды растап беретін адам болса, осы бөлмеден е шалбарымды шешіп шығып кетемін» дедім. Мен өзімді қатты қорланғандай сезіндім. Артық сөз айтпаңызшы деп өтіндім», – деді Жиембай.
Қастандық жасалған күні не болды?
Айыпталушы Жиембайдың айтуынша, келесі күні ол досымен бірге аңға шығуды жоспарлаған. Мақсаты — жүйкесін тыныштандыру. Екі жыл бұрын сатып алған аңшылық мылтығын өзімен бірге ала шыққан.
«Кешке қарай досыммен қымыз іштік. Түнге жақын аңға шығамыз деп келістік. Аңшылық мылтығымды дайындадым. Оның ішінде 32 грамм дәрі мен 12 гильза болды. Бұл оқтар құс атуға арналған еді. Сол кезде менің ойымда Берденовке шабуыл жасау болған жоқ. Жұмысқа барып, қызметтен кету туралы өтініш жазбақшы болдым. Әкімдікке келдім. Сол жерде оны жұмыстан шығып бара жатқан кезде көріп қалдым. Сол сәтте Берденовті қорқыту туралы ой келді. Өзімше: Қатты қорқытсам, 2-3 жылға ғана қамар. Қанша дегенмен, ол мені соттатпақшы болды, сол үшін алдын ала қорқытқаным дұрыс шығар, деп ойладым. Егер өлтіргім келсе, өлтіретін едім. Бірақ ондай ниет болған жоқ. Бір рет аттым, ол жүгіріп кетті. 20–30 метр ұзап барып құлады. Мен тағы төрт рет аттым. Қорқып кетіп, артынан жүгіріп бардым. Не болғанын көру үшін. Қан болмады. Ол — нағыз жігіт екен, қорықпады. Сосын мен одан осының бәрі не үшін керек болғанын әрі ар-намысыма тиетін сөздерді не үшін айтқанын сұрадым. «Адамша сөйлесуге болмас па еді? Неге біреудің тағдырын бұзасыз?» деп айттым. Егер өлтіру ниетім болса, сол жерде өлтіретін едім», – деді айыпталушы.
Оның айтуынша, артынша сол сәтте Берденовтің жүргізушісі келіп қалған.
«Жаныма көлігімен келіп қатты жылдамдықпен тоқтады. Сол кезде мен құлап қалдым. Екеуміз алыстық. Бірақ менің қашатын ойым болмады», –деді ол.
Сонымен қатар, Жиембай өзіне тапсырыспен кісі өлтіру айыбын жаппақ болғанын мәлімдеді. Айтуынша, Руслан Берденов одан Шымкент әкімі Ғабит Сыздықбаевқа қарсы жалған куәлік беруді сұраған екен.
«Ол менің әкем халық алдында мәлімдеме жасаса, бәрін кешіретінін айтты. Әкем соны орындады. Кейін әйелім де кешірім сұрасын деді. Әкемнің онкологиямен ауыратынын дәлелдейтін анықтамасын сұрады. Оны да жібердік. Бірақ уәдесін орындаған жоқ. Менімен ойнаған сияқты болды. Ең сорақысы, ол менен Сыздықбаевтың мені «киллер» ретінде жалдағанын айтып, соған қарсы куәлік беруімді сұрады. Сонда ғана кешіретінін айтты», – деді Жиембай.
Осы тұста судья оның сөзін бөліп, бұл айтылғандар іс материалынан тыс екенін ескертіп, баяндамасын тоқтатты.
Айыпталушыны адвокаттар мен прокурорлар сұрақтың астына алды. Мемлекеттік айыптаушы оған тікелей сұрақ қойды:
«Сіздің жұбайыңыз жәбірленушімен сөйлеспеген. Онда сіз неге қызғаныштан оқ аттым деп отырсыз?», — деп сұрады мемлекеттік айыптаушы.
Бұл сұраққа Жиембай былай деп жауап берді:
«Ол менің әйеліме лайк басып, әдемі екенсің деді. Кейін әйелің жезөкше болады, сен – импотентсің деген сөздер айтты. Сол кезде менің қызғаныш сезімім оянып, ар-намысым қатты тапталды», – деді айыпталушы.
Жиембайдың жауабынан кейін сотта куәгерлер тыңдалды. Алғашқы болып сөз алған — Арай Қамытбекова.
«Алғашқы оқтар атылғанда бірден 102-ге қоңырау шалдым. Классикалық киім киген ер адам бір орында тұрмады, жүгіріп жүрді. Кейін жүргізуші оны жерге құлатты. Сол сәтте «Бұл менің әйелім! Өлтіремін!» деген айқайды естідім. Бірнеше минуттан кейін полиция келді», – деп баяндады оқиға куәгері.
Берденовтің өзі бұл жайт туралы не деді?
Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Руслан Берденов бұрынғы қызметкері Жиембайдың соттағы мәлімдемелеріне қатысты өз пікірін білдірді. Оның айтуынша, шабуылдан кейін айыпталушының өкілдері оның қорғаушыларымен байланыс орнатуға тырысқан екен.
«Іс жабылса, кешіреміз және дау шығармаймыз деген ұсыныс болды. Ал егер келіспесек, ақпараттық жарылыс жасаймыз деп қорқытты. Тіпті, айыпталушының әкесі өзін-өзі өртейді деген де сөз айтылды. Мұны мен тікелей қысым көрсету деп қабылдаймын», – деп жазды Берденов әлеуметтік желідегі парақшасында
Ол сондай-ақ бұл оқиғаны отбасылық драма ретінде көрсетуге тырысу – шындықтан алшақтау деп атады. Айтуынша, айыпталушының жұбайын танымайды және онымен ешқашан қарым-қатынаста болмаған.
«Бұл тек жұмыс барысындағы мәселе. Жиембай келісімшарт бойынша міндеттерін орындамай, есеп беруден жалтарды. Мен тек ашықтық пен міндеттемелердің орындалуын талап еттім. Ал қоғамның назарын қызғаныш, жеке қарым-қатынас, әйел мәселесі сияқты жалған себептерге бұру – бұл шындықтан адастыру, қоғамды манипуляциялау. Мен оның жұбайын да, отбасын да танымаймын. Ол мен үшін тек мердігер еді. Ең өкініштісі — енді бұл жалған мәлімдемелерге қала әкімінің атын да араластырып отыр. Бұл істің бағытынан ауытқып, қысым мен қаралау әрекетіне айналғанының айқын белгісі. Мен мұндай сөздерді түбегейлі жоққа шығарамын және мойындамаймын», – деді Берденов.
Айта кетейік, қазіргі таңда Руслан Берденов сот отырыстарына қатысып жатқан жоқ. Ол оңалту курсынан өтіп жүр. Дегенмен, процесті жіті бақылап отырғанын мәлімдеді.