"Біз, Жұмановтар әулеті айбарға қатаң жаза беруін сұраймыз. «Мен өлтірген жоқпын, ештеңе білмеймін, өзі балконнан ұшып өлді» деп отыр. Анасы да соны айтады, өзі де соны айтып отыр. Үшін берген күні анасы Айбар, «Айзатты екі рет соғып жіберді» деп айтқан. Екі-ақ рет соқты. Бір рет соққанда Айзат бетімен құлады деді. Екінші рет соққан кезде Айзат шүйдесімен құлап басын табалдырыққа жарып, содан қайтыс болды деді шешесі", - дейді марқұмның туысы Раушан Дәуренбекова.
Сұмдық жағдай 22 маусым күні Жетісу облысы Ақсу ауданының Баласаз ауылында болған. 32 жастағы келіншекті мас күйеуі баласының көзінше ұрып-соғып, қатігездікпен азаптап өлтірді деп отыр марқұмның туыстары. Марқұмның денесінің сау тамтығы қалмағанша сабап, басынан аяғына дейін көгеріп, терісі сыпырылып кеткен дейді. Әйел ауруханаға жетпей жан тапсырған көрінеді.
Медициналық сараптама оның ауыр жарақаттан бақилық болғанын дәлелдеп отыр. Сондықтан кінәлі азамат тиісті жазасын алсын дейді. Қара жамылған отбасы Айзаттың артында екі жасар қызы қалғанын айтады. Ол күдікке ілінген күйеуімен үш жыл бұрын шаңырақ көтерген екен. Бұрын ауыл әкімі болуға кандитат атанған марқұмның күйеуі бұған дейін мал шаруашылығымен айналысқан. Қазір ол қамауға алынып, сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр.
"Күдікті тергеп-тексерудің алғашқы күндерінен бастап қамауда отыр. Іс бойынша тағайындалған бірқатар сараптамалық қорытындылар дайын болған соң, прокуратура органдарының келісімімен күдіктінің әрекетіне түпкілікті баға беріледі. Сонымен қатар әлеуметтік желілерде түрлі расталмаған деректер таралып кеткен. ҚР заңнамасына сәйкес, көпе-көрнеу жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік көзделгенін ескертеміз", - дейді Жетісу облысы ПД тергеу басқармасының бастығы Арман Сұлтанұлы.