Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық қаупін алдын ала анықтап, полицияның дер кезінде әрекет етуіне мүмкіндік беретін «Электрондық қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын іске қосу ұсынылды. Бұл бастаманы Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі Айжан Аймағанова Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке жолдаған депутаттық сауалында көтерді, деп хабарлайды buginmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары әйелдер мен балаларды зорлық-зомбылықтан қорғау бағытында бірқатар шара қабылданып, жауапкершілік күшейтілді. Алайда қайғылы оқиғалар әлі де жалғасып жатыр.
Айжан Аймағанова соңғы айларда қоғамда резонанс тудырған бірнеше оқиғаны мысалға келтірді. Оның мәліметінше, 13 шілдеде Абай облысында 20 жастағы Дильназ Жұмағұлова пышақ жарақаттарынан қаза тапқан. Ал 23 қыркүйекте Астанада екі баланың анасы Жазира Адаованы бұрынғы жұбайы өлтірген.
Депутаттың пікірінше, мұндай жағдайлар қолданыстағы қорғау тетіктерінің тиімділігін қайта қарау қажеттігін көрсетеді. Оның айтуынша, зорлық-зомбылық жасалғаннан кейін әрекет етумен шектелмей, қауіпті алдын ала анықтап, оның жолын кесу маңызды.
Полицияға қауіп туралы сигнал түссе, не болады?
Айжан Аймағанова Қазақстанда мұндай жүйені енгізуге қажетті құқықтық және цифрлық мүмкіндіктер бар екенін атап өтті. Сондықтан жаңа әрі қымбат ақпараттық жүйе құрудың орнына, қолданыстағы профилактикалық есепке алу мен электрондық бақылау тетіктерін тиімді пайдалану ұсынылды.
Депутаттың айтуынша, осындай тәжірибе Франция сияқты шет мемлекеттерде де қолданылады.
Осыған байланысты ол Ішкі істер министрлігіне үш ұсыныс жолдады.
Біріншіден, жекелеген өңірлерде «Электрондық қорғаныс аймағы» пилоттық жобасын әзірлеп, сынақтан өткізу ұсынылды.
Екіншіден, қауіп туралы сигнал түскен кезде полиция қызметкерлері қандай әрекет жасауы керектігін нақты белгілейтін бірыңғай міндетті алгоритм бекіту қажет.
Үшіншіден, әрбір қауіп сигналы мен соған байланысты қабылданған шараларды цифрлық жүйеде автоматты түрде тіркеу ұсынылды. Бұл сигналдың қашан түскенін, оған кімнің жауап бергенін және қандай шара қолданылғанын бақылауға мүмкіндік береді.
«Заң мен тәртіп» қағидаты аясындағы ұсыныс
Айжан Аймағанова зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін қолда бар құқықтық және цифрлық мүмкіндіктерді тиімді пайдалану қажет екенін атап өтті.
Депутаттың пайымынша, қауіп туралы ақпаратты дер кезінде анықтап, полицияның әрекетін нақты алгоритммен реттеу қайғылы жағдайлардың алдын алуға көмектесуі мүмкін.
Қазіргі уақытта бұл — депутаттың Ішкі істер министрлігіне жолдаған ұсынысы. «Электрондық қорғаныс аймағы» жобасын іске қосу туралы шешім қабылданғаны жөнінде депутаттық сауал мәтінінде ақпарат жоқ.